Зияткерлік әлеует қорғауда: жаңа Конституцияға ғылым туралы тың баптар енгізілді
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі – ел тарихындағы маңызды кезең. Ата Заңда алғаш рет адам капиталын, білім беру жүйесін, ғылымды және серпінді инновацияларды дамыту басымдықтары ең жоғары конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл маңызды қадам ел дамуының жаңа іргелі бағдарларын айқындап, оның өзегіне адамды, оның білімі мен кәсіби құзыреттерін, зияткерлік әлеуетін толық жүзеге асыру мүмкіндігін қойды.
Отандық ғылым мен жоғары білім саласы үшін бұл өзгерістер сапалы кадрлар даярлауға, заманауи ғылыми-зерттеу ортасын дамытуға және озық инновацияларды енгізуге қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Мемлекет тарихында алғаш рет білім экономикасына көшуге бағытталған стратегиялық міндеттер осындай берік құқықтық негізге ие болды. Жаһандық технологиялық сын-қатерлер дәуірінде жаңа Конституция білім сапасы мен болашақ технологияларын жедел меңгеру қабілеті Қазақстанның әлемдік аренадағы қуатының, егемендігінің және жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші екенін нақты айқындайды.
Бұл конституциялық қағидаттар бүгінде нақты заңнамалық шешімдер арқылы кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат ғылыми-білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, ғылыми әлеуетті нығайтуға, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолдауға және жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында елімізде жоғары білім алуға қолжетімділік мүмкіндіктері жүйелі түрде артып келеді. Соңғы бес жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі бір жарым еседен астам өсті. Атап айтқанда, бакалавриат бағдарламалары бойынша мемлекеттік гранттар саны 2019 жылғы 51 023-тен 2025 жылы 77 084-ке дейін артты.
Сонымен қатар халықаралық академиялық ортаны дамыту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде Қазақстан Орталық Азияның жетекші білім беру орталығына айналып келеді. Бүгінде елімізде 32 шетелдік жоғары оқу орны мен олардың филиалдары жұмыс істейді. Бұл үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға және мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.
Отандық жоғары оқу орындарының базасында академиялық және ғылыми-зерттеу артықшылық орталықтары құрылып жатыр. Қазіргі таңда мұндай орталықтар экология, су ресурстары, энергетикалық қауіпсіздік, тау-кен металлургиясы, биотехнология және агроөнеркәсіптік кешен сияқты ел үшін басым бағыттар бойынша 11 жоғары оқу орнында қалыптасты.
Конституциялық өзгерістер ашық академиялық ортаны қалыптастыруға да тікелей ықпал етеді. Олар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, озық тәжірибе алмасуды жеделдетуге және қазақстандық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістікке толыққанды кірігуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

