Техникалық байқау: жаңа талаптар енгізіледі
Қазақстанда 19 қазаннан бастап көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – тексеру сапасын арттырып, жалған диагностикалық құжаттардың жолын кесу.
Ең басты жаңалықтардың бірі – техникалық байқау орталықтарының жұмысын бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы цифрлық бақылауды күшейту. Енді операторлар диагностика нәтижелері туралы толық әрі шынайы ақпаратты жүйеге нақты уақыт режимінде енгізуге міндетті.
Тексеру барысында көліктің нөмірлік агрегаттары сәйкес келмесе, мемлекеттік нөмірі болмаса немесе конструкциясына заңсыз өзгеріс енгізілгені анықталса, бұл туралы полицияға дереу хабарланады.
Сонымен қатар техникалық байқаудың белгіленген уақыты да нақтыланды. Мотоциклдер мен жеңіл тіркемелерді тексеруге 15 минутқа дейін, жеңіл автомобильдерге 20 минутқа дейін, ал жүк көліктері мен автобустарға 30 минутқа дейін уақыт қарастырылған.
Жаңа жүйе жалған диагностикалық карталар рәсімдеуге де тосқауыл қоюға бағытталған. Стационарлық және мобильді диагностикалық желілерде жүргізілген тексеру туралы мәліметтер жүйеге оның нақты орны мен уақыты көрсетіле отырып енгізіледі.
Осылайша көлікті техникалық байқау орнына нақты әкелмей-ақ диагностикалық құжат рәсімдеу мүмкіндігі жойылады. Мамандардың айтуынша, цифрлық бақылаудың күшеюі техникалық байқау рәсімінің ашықтығын арттырып, жолдағы ақаулы көліктердің санын азайтуға мүмкіндік береді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

