Дәстүрді дәріптеген дара шебер

Ұлттық қолөнер – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұраның бірі. Ата-бабадан жеткен өнерді сақтап қана қоймай, оны заманауи талапқа бейімдеп, кәсіпке айналдырып жүрген шеберлердің еңбегі ерекше. Солардың бірі – Қарағанды облысының тумасы Алтынгүл Айтжанова. Ол ұлттық нақыштағы киімдер мен дәстүрлі бұйымдар жасап, қазақтың қолөнерін дәріптеп келеді.

Алтынгүл Айтжанованың қолөнерге деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Әжесі тігін тіксе, анасы тоқыма тоқып, үйде қолөнердің түрлі үлгілерін жасаған. Осындай ортада өскен Алтынгүл де ұлттық ою-өрнекке, тігіншілікке ерте қызыққан. Дегенмен қолөнерді кәсіби бағытта меңгеруіне 2017 жылы Қарағанды тігін колледжінде мемлекеттік жоба аясында ұйымдастырылған үш айлық курс себеп болады. Сол жерде тігіншілік мамандығын игеріп, алған білімін іс жүзінде қолдана бастайды.

«Менің әжем кезінде тігін тігетін. Үйде өз қолымен жасаған дүниелері көп болатын. Бала кезімізден сол кісінің қолынан шыққан бұйымдарды көріп өстік. Сондықтан қолөнерге деген қызығушылығым отбасымнан қалыптасты деп ойлаймын. Басында тігіншілікті балаларымның киімдерін өзім тігу үшін үйрендім. Кейін бұл іске қызығушылығым артып, біртіндеп кәсіби айналыса бастадым», – дейді қолөнер шебері Алтынгүл Айтжанова.

Кейін шебер ұлттық нақыштағы киімдер тігіп, сәукеле жасауды қолға алады. Осы кезеңде құрақ өнеріне деген қызығушылығы да арта түседі. Құрақтың түрлі үлгілерін зерттеп, жаңа тәсілдерді меңгерген шебер ұлттық өнердің заманауи жобалар арқылы кеңінен насихатталуына да атсалысып жүр.

Алтынгүл Айтжанова интернеттен «Аламан құрақ» жобасы туралы ақпаратты көріп, оған қатысуға бел буады. Былтыр Алматыдағы Медеу мұз айдынында 600-ден астам құрақшы бас қосып, бірлесіп үлкен құрақ көрпе тікті. Шебер де жобаға өз үлесін қосып, ұзындығы 2 метр 30 сантиметр, ені 90 сантиметр болатын көрпесін бір айдың ішінде аяқтаған. Ауқымды жобаның қорытындысында оған қатысқан шеберлер әлемдік рекордтар кітабына енді.

«Бұл жобаға қатысу мен үшін ерекше әсерлі болды. 600-ден астам құрақшының бір жерде бас қосып, бір мақсатқа жұмылуының өзі үлкен оқиға. Әркім өз қолынан келгенін жасап, ортақ дүниеге үлес қосты. Бір ай бойы көрпемді тігіп, жобаның нәтижесін асыға күттім. Соңында осындай үлкен бастаманың бір бөлігі болғаныма қуандым. Ұлттық өнерді осындай ауқымда көрсету маған қатты ұнады», – дейді Алтынгүл Айтжанова.

Шебер биыл да ұлттық қолөнерді насихаттайтын ірі жобаға қатысты. Астанада өткен шараға мыңға жуық құрақшы жиналып, «Тұлпар жастық» пен «Көшен көрпе» секілді күрделі бұйымдарды бірлесіп дайындады. Мұндай жобалар тәжірибе алмасуға ғана емес, әр өңірдегі шеберлердің басын қосып, ұлттық өнердің жаңа қырларын танытуға мүмкіндік береді.

«Тұлпар жастық» жобасына қатысқан кезде әртүрлі өңірден келген көптеген шебермен таныстым. Бір-біріміздің жұмысымызды көріп, тәжірибе алмастық. Мен үшін бұл өте маңызды болды. Мыңға жуық адамның бір жерге жиналып, ұлттық өнерді бірге көрсетуі ерекше әсер қалдырды. Дайын болған бұйымдардың өзі өте әдемі шықты», – дейді қолөнер шебері.

Бүгінде Алтынгүл Айтжанованың Абай қаласында шағын дүкені бар. Мұнда оның өз қолымен жасаған ұлттық бұйымдары саудаға шығарылады. Шебердің еңбегіне қызығушылық танытқан тұтынушылардың қатары да артып келеді. Тапсырыстар Қарағанды облысымен ғана шектелмей, еліміздің әр өңірінен түседі.

«Қазіргі таңда өзімнің шағын дүкенім бар. Ұлттық нақыштағы бұйымдарға тапсырыс тұрақты түсіп тұрады. Кейде бір бұйымды жасауға бірнеше күн, тіпті бірнеше апта кетеді. Әр тапсырысты өзімнің көңілімнен шығатындай етіп орындауға тырысамын. Қазір бұл іс мен үшін жай ғана хобби емес, тұрақты кәсібіме айналды», – дейді шебер.

Оның айтуынша, соңғы жылдары ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген сұраныс айтарлықтай артып келеді. Киіз басу, текемет жасау, құрақ құрау, қолдан тоқу, ұлттық киімдер тігу және әшекейлі бұйымдар жасау секілді дәстүрлі өнер түрлері қайта жаңғырып, қазіргі заманғы кәсіптің бір бағытына айналып отыр.

Алтынгүл үшін әрбір ою-өрнек пен әрбір қолмен жасалған бұйымның өзіндік мәні бар. Шебердің айтуынша, ұлттық өнерді дамыту – өткенді құрметтеу ғана емес, атадан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің жолы.

Бүгінде оның кәсібі біртіндеп дамып, ұлттық өнерге қызығушылық танытатын жандардың сұранысын қанағаттандырып келеді. Бір кездері балаларына киім тігу үшін басталған қарапайым қызығушылықтың үлкен кәсіпке айналуы – сүйікті іске деген табандылық пен еңбектің нәтижесі. Ал ұлттық қолөнерді жаңғыртып жүрген осындай шеберлердің еңбегі дәстүрдің үзілмей, жаңа буынға жалғасуына мүмкіндік береді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»