Жаңа Құрылтайдың құрамы айқындалды

Елде жаңа бірпалаталы Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындыланды. 23 тамызда өткен дауыс беруге Қазақстан бойынша сайлаушылардың 74 пайыздан астамы қатысып, тоғыз миллионнан астам азамат өз таңдауын жасады. Орталық сайлау комиссиясы дауыстарды санауды аяқтап, бес пайыздық межеден өткен партиялар арасында 145 депутаттық мандатты бөлді.

Мандаттарды бөлу нәтижесінде «Әділет» партиясы басымдық танытып, 110 орынға ие болды. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына 10 мандат берілсе, «Respublica» партиясы 9 орын алды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен «Ақ жол» демократиялық партиясы 8 мандаттан иеленді.

Осылайша, жаңа бірпалаталы Құрылтайда бес партия өкілдік ететін болады. «Әділет» партиясы депутаттық корпуста басымдыққа ие болса, қалған саяси ұйымдар да заң шығару жұмысына қатысып, өз сайлаушыларының мүддесін білдіруге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, сайлауға барлығы жеті саяси партия қатысты. Алайда олардың екеуі – «Байтақ» жасылдар партиясы мен Қазақстан халық партиясы – сайлау нәтижесінде белгіленген бес пайыздық межеден өте алмады. Осыған байланысты аталған партиялар Құрылтайда депутаттық мандатқа ие болған жоқ.

Жалпы, бұл сайлау елдегі жаңа саяси жүйенің қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бірпалаталы Құрылтайдың жаңа құрамы алдағы уақытта заң шығару қызметін жүзеге асырып, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауға атсалысады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»