Жұқа мұз – үлкен қауіп: су айдындарындағы бақылау күшейтілді

Қарағанды облысында қысқы балық аулау маусымы басталмай жатып, су айдындарында қайғылы оқиғалар тіркелді. Бір аптаның ішінде төрт адам суға кетіп, құтқарушылар қауіпсіздік шараларын күшейтті. Мамандардың айтуынша, ауа райының тұрақсыздығына байланысты мұз әлі толық қатпаған. Соған қарамастан, кейбір тұрғындар жұқа мұзға шығып, тіпті автокөлікпен өтуге әрекеттенуде.

Облыстағы 2 085 су объектісінің небәрі 1-5 пайызы ғана бастапқы мұзбен жабылған. Кейбір учаскелерде мұздың қалыңдығы 1-3 сантиметрден аспайды, ал су айдындарының басым бөлігінде ашық су сақталған.

– Ауа райының тұрақсыздығына байланысты мұз біркелкі қатпай жатыр. Сондықтан су айдындарының қазіргі жағдайы өте қауіпті. Әсіресе мұз үстіне автокөлікпен шығу адам өміріне тікелей қатер төндіреді, – деді Қарағанды облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұржан Жақатаев.

17 қарашада Абай ауданындағы Шерубай-Нұра өзенінің Бородиновка шатқалы маңында балық аулауға кеткен Шахтинск қаласының үш тұрғыны жоғалып кетті. Келесі күні құтқарушылар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдіктен олардың денесін тапты. Ал 22 қарашада М. Мамыраев атындағы ауылдық округтегі Беталыс көлінде 1960 жылы туған Шахан қаласының тұрғыны суға кетті.

Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін «Мұз» республикалық акциясы аясында рейдтер мен түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Қазан және қараша айларында 149 рейд өткізіліп, балықшылар мен аңшыларға 905 рет жеке нұсқама берілген. Мектептерде 6,1 мыңнан астам оқушыны қамтыған ашық сабақтар ұйымдастырылып, ата-аналарға да ескерту жасалды.

Жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 50 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 672 927 теңге айыппұл салынған. 20 қарашада Абай ауданындағы Вольный ауылы маңында қауіпті учаскеде болған екі ересек адам мен бір жасөспірім де жауапқа тартылды.

Қазір Балқаш көлі, Теміртаудағы Самарқанд су қоймасы, Сасықкөл, Ынтымақ және Шерубай-Нұра су қоймалары, Қарағандыдағы Федоров су қоймасы мен Көгілдір тоғандар сияқты қауіпті аумақтар ерекше бақылауға алынған.

– Қауіпті жерлерге тыйым салу белгілерін орнатып, демалыс және жұмыс күндері таңертеңгі, кешкі уақытта тұрақты рейдтер жүргізу қажет. Сонымен қатар балықшылар мен аңшыларға қауіпсіздік талаптарын үнемі түсіндіріп отыру маңызды, – деді Нұржан Жақатаев.

Құтқарушылар тұрғындарды бекімеген мұзға шықпауға, су айдындарына автокөлікпен және қарда жүретін техникамен бармауға шақырады. Балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау, әсіресе қараңғы уақытта мұз үстіне жалғыз шықпау қажет. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласу керек.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»