«Жеңіс шабыты»: инклюзияға жол ашқан жоба
Қарағанды облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған «Жеңіс шабыты» фестивалі қорытындыланды. Биыл ширек ғасырлық тарихы бар мерейтойлық жоба өңірдің түкпір-түкпірінен 900-ден астам қатысушыны біріктірді. Төрт күнге созылған фестиваль өнер мен спорт арқылы қоғамдағы тең мүмкіндіктерді дәріптеп, инклюзивті ортаны қалыптастыруға үлес қосты.
«Жеңіс шабыты» – жай ғана шығармашылық байқау емес, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қабілетін танытып, өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба. Биыл 25-рет ұйымдастырылған облыстық фестиваль аясында 5 жастан асқан қатысушылар вокал, би, шығармашылық бағыттарымен қатар, түрлі спорттық сайыстарда да бақ сынады. Мерекелік гала-концерт пен марапаттау рәсімі төрт күндік бағдарламаның қорытындысына айналды.
Фестивальдің басты ерекшелігі – мұнда өнерпаздар арасындағы бәсекеден гөрі өзара қолдау мен ынтымақтастық басым. Әр қатысушының сахнаға шығуы, өз өнерін көпшілікке көрсетуі – үлкен еңбектің нәтижесі. Көрермендердің ыстық ықыласы мен қолдауы да қатысушыларға ерекше жігер береді.
Облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев фестивальдің қатысушыларға сыйлаған әсері мен шығармашылық ортаның маңызын атап өтті.
«Керемет фестиваль өкінішке қарай аяқталды. Соған қарамастан, осы күндері біз ерекше эмоцияларға, тамаша концерттік нөмірлер мен шығармашылыққа куә болдық», – деді Нияз Сүндетәлиев.
Жобаның тарихы «Лучик надежды» қоғамдық қорының бастамасымен 25 жыл бұрын басталған. Осы уақыт ішінде фестиваль жүздеген адамның шығармашылық қабілетін шыңдап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын дәстүрлі алаңға айналды. Қатысушылар мұнда тек сахнаға шығып қана қоймай, жаңа достар тауып, өзге әлеуметтік орталықтардың өкілдерімен тәжірибе алмасады.
Соның бір дәлелі – Саран қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Равиль Жанбеков. Ол фестивальге бірнеше рет қатысып, биыл да вокалдық өнерін ортаға салды. Сонымен қатар бочча және ұлттық тоғызқұмалақ ойынымен айналысады. Оның айтуынша, мұндай кездесулер қатысушылардың бір-бірімен араласуына, достық байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
«Мен боччамен және тоғызқұмалақпен де айналысамын. Осындай шаралар, байқаулар мен фестивальдер бар екеніне рақмет. Спорт, музыка, вокал, би – мұның бәрі үлкен жетістіктер. Осындай фестивальдердің арқасында біз орталықтар арасында достасып, араласып тұрамыз», – дейді фестиваль қатысушысы Равиль Жанбеков.
Мұндай жобалардың әлеуметтік маңызы зор. Өйткені инклюзия тек жекелеген шаралар өткізумен шектелмейді. Ол – әр адамның қоғам өміріне араласуына, қабілетін дамытуына және өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау. Бұл ретте қоғамдық қорлар мен үкіметтік емес ұйымдардың атқарып отырған жұмысы ерекше.
Нияз Сүндетәлиев инклюзивті қоғам қалыптастыруда азаматтық сектордың үлесін атап өтті.
«Инклюзивті қоғамды дамытуға үкіметтік емес ұйымдар үлкен үлес қосып келеді. Инклюзия дегеніміз – жекелеген іс-шаралар ғана емес, мүгедектігіне қарамастан әр адамның шығармашылық пен өнер арқылы өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беретін орта», – деп атап өтті ол.
Фестивальдің қорытындысында 480 қатысушы марапатталды. Оларға естелік мүсіншелер, медальдар мен дипломдар табысталды. «Лучик надежды» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Кравченко қатысушылардың жыл сайын шеберлігін шыңдап, келесі кездесуді асыға күтетінін жеткізді. Тіпті ата-аналардың өзі келесі фестивальдің қашан өтетінін сұрап, балаларымен бірге қайта қатысуға ниет білдіреді.
«Бүгін 480 қатысушыны марапаттаймыз. Олардың шеберліктері артып, өнері жақсарып келе жатқаны қуантады. Көпшілігі келесі жылы да қатысуға дайын. Ата-аналар да балаларымен бірге келіп, келесі фестивальдің болатынын сұрайды. Әрине, болады», – дейді Татьяна Кравченко.
Байқаудың ең жас қатысушылары үшін де бұл фестивальдің орны бөлек. Сахнаға шығып, көрерменнің қошеметіне бөлену олардың өзіне деген сенімін арттырады. Милана Лукина мен Тахир Раев сияқты жас өнерпаздар үшін би – сүйікті ісі ғана емес, өз қабілетін танытудың мүмкіндігі.
Осылайша, ширек ғасырлық тарихы бар «Жеңіс шабыты» фестивалі өңірдегі инклюзивті мәдениетті дамытуға, азаматтардың шығармашылық әлеуетін қолдауға және қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтуға қызмет етіп келеді. Оның басты жетістігі – жүздеген адамның өз қабілетіне сеніп, ортақ ортада өз орнын табуына ықпал етуі. Фестиваль аяқталғанымен, қатысушылар үшін жаңа мақсаттар мен шығармашылық ізденістерге жол ашылды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

