Бала құқығы: қорған бар ма, мүмкіндік тең бе?

Қазақстандағы жеті миллионға жуық бала – ел халқының үштен бір бөлігі. Бұл көрсеткіш өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуы мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Балалардың құқығын қорғау бағытында түрлі бағдарламалар қабылданып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанымен, олардың нақты нәтижесі өңірлердегі жағдаймен өлшенетіні анық. Әсіресе білім беру ұйымдарындағы кадр тапшылығы, мектеп инфрақұрылымының тозуы мен инклюзивті білім берудегі кедергілер әлі де өзекті.

Жақында Құрылтайда өткен Үкімет сағатында балалардың құқықтарын қорғау, білім беру жүйесіндегі түйткілдер және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланды. Жиында республикалық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мақсатында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданған. Құжат аясында 70-тен астам жүйелі мәселені шешуге бағытталған 158 іс-шара бекітілді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында енгізілген «QR 111» жүйесі мен «Балажан» платформасы арқылы соңғы үш жылда қиын жағдайға тап болған 300 мыңнан астам балаға көмек көрсетілген.

Бұл – балаларды қорғау бағытындағы маңызды қадамдар. Дегенмен цифрлық платформалар мен қабылданған бағдарламалар барлық мәселені бірдей шеше алмайды. Себебі баланың қауіпсіздігі ең алдымен өзі білім алатын ортада қамтамасыз етілуі тиіс. Ал бұл бағытта өңірлерде шешімін күткен мәселелер жеткілікті.

Мәселен, Қарағанды облысындағы 421 мектептің басым бөлігінің материалдық-техникалық базасы жаңартуды қажет етеді. Жаңа шағын аудандарда мектеп орындарының жетіспеуі салдарынан кейбір білім беру ұйымдарында үш ауысымды оқу жүйесі сақталып отыр. Мұндай жағдай оқушылардың сапалы білім алуына ғана емес, олардың толыққанды дамуына да кері әсер етуі мүмкін.

Кадр мәселесі де күрделі. Өңірде шамамен 18 мың педагог еңбек еткенімен, білім беру ұйымдарында білікті психологтар, дефектологтар, логопедтер мен инклюзивті білім беру мамандарына сұраныс жоғары. Әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін бейінді мамандардың жеткілікті болуы аса маңызды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала бар. Алайда олармен жұмыс істеуге қажетті 3 008 бейінді маман жетіспейді. Министр бұл олқылықтың негізгі себептерінің қатарында төмен жалақыны, жоғары жауапкершілік пен шамадан тыс жүктемені атады.

«Бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала есепте тұр. Алайда олармен жұмыс істейтін 3 008 бейінді маман жетіспейді. Мамандардың тапшылығына төмен жалақы, жоғары жауапкершілік пен шамадан тыс жүктеме әсер етіп отыр. Бұл мәселені шешу – инклюзивті білім беруді дамытудың маңызды шарты», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Тағы бір алаңдатарлық мәселе – соңғы тоғыз айда 941 баланың кешкі мектептерге ауыстырылуы. Бұл дерек балалардың білім беру жүйесіндегі жағдайына жіті назар аудару қажеттігін көрсетеді. Өйткені әр баланың тұрақты білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және психологиялық қолдау алуына мүмкіндік жасалуы керек.

Осы ретте балалардың құқығын қорғау тек заңнамалық құжаттар қабылдау немесе жаңа бағдарламалар әзірлеумен шектелмеуі тиіс. Әр мектепте қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру, педагогтер мен бейінді мамандардың тапшылығын жою, ерекше қажеттілігі бар балаларға тең мүмкіндік беру – басты міндеттердің бірі.

Жеті миллион баланың бүгінгі жағдайы – елдің ертеңгі келбеті. Сондықтан «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы мен инклюзивті білім беруді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Оның тиімділігі есептер мен статистикалық көрсеткіштер арқылы ғана емес, мектептердің жаңаруымен, мамандар тапшылығының азаюымен және әр баланың өзін қауіпсіз сезінуімен бағалануы тиіс.

Қарағанды облысындағы ескі мектептер, үш ауысымды оқу және психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарының жетіспеуі – кейінге қалдыруға болмайтын мәселелер. Өйткені баланың құқығы қағаз жүзінде жарияланып қана қоймай, күнделікті өмірде нақты қорғалуы керек. Бұл – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»