Жастар кәсіпкерлігі: идеядан іске дейін

Өз кәсібін ашу, сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру немесе жеке бренд қалыптастыру – бүгінгі жастардың басты мақсаттарының бірі. Алайда кез келген бастаманың артында ізденіс, батылдық, табандылық пен тәжірибе тұрады. Осы орайда Қарағанды қаласында жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыруға, кәсіби бағдарын айқындауға және жаңа мүмкіндіктерге жол көрсетуге бағытталған мотивациялық кездесу өтті.

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде медиа саласының өкілдері мен кәсіпкерлер жастармен жүздесіп, табысқа жету жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шара Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Дұрыс таңдау жаса!» жобасы аясында өткізілді.

Кездесудің басты мақсаты – жастарға мамандық пен кәсіп таңдауда бағыт-бағдар беру, табысты азаматтардың өмірлік тәжірибесі арқылы жаңа мүмкіндіктерге шабыттандыру және өз ісін бастауға ынталандыру. Ашық форматта өткен басқосуды модератор Диас Елемес жүргізді. Кездесуге кәсіпкерлік және блог жүргізу саласында өзіндік жолын қалыптастырған төрт спикер қатысты. Олардың қатарында ASYLSUSHI суши және пицца жеткізу желісінің негізін қалаушы, «Решайся и действуй» кітабының авторы Асылбек Сайлаубек, Sheker кондитерлік дүкенінің негізін қалаушы Айнұр Маханбетова, Neyches Boots аяқ киім брендінің негізін қалаушы, Groovy және DUNK барларының тең иесі Никита Дорош, сондай-ақ блогер әрі кәсіпкер Айдос Аринов болды.

Кездесу барысында әр спикер өзінің кәсіби қалыптасу жолы, алғашқы қадамдары, бизнесті дамыту кезінде кездескен қиындықтары мен жетістіктері туралы әңгімеледі. Мұндай ашық диалог жастарға кәсіпкерліктің қыр-сырын тәжірибелі мамандардың көзқарасы арқылы түсінуге, өз мүмкіндіктерін бағамдауға және болашақ жоспарларын нақтылауға мүмкіндік берді.

Алғашқы болып сөз алған Асылбек Сайлаубек кәсіпкерлік жолының басталуы, тұтынушылар сеніміне ие болу және бизнесті дамытудағы маңызды қағидалар туралы ой бөлісті. Сонымен қатар «Решайся и действуй» кітабының негізгі идеясына тоқталып, өз ісін бастауға батылы жетпей жүрген жастарға кеңес берді.

– Ең бастысы – қорқынышты жеңіп, әрекет ету. Көп жағдайда адамдар қолайлы сәтті күтеді немесе бәрі мінсіз болғанын қалайды. Бірақ тәжірибе тек іске кіріскен кезде қалыптасады. Үлкен нәтижеге жету үшін кішкентай қадамдардан бастау керек, – деді «Решайся и действуй» кітабының авторы Асылбек Сайлаубек.

Келесі спикер Айнұр Маханбетова сүйікті ісін кәсіпке айналдыру тәжірибесімен бөлісті. Ол Sheker кондитерлік дүкенінің қалыптасу жолы, өнім сапасын сақтау, тұтынушылардың тұрақты сенімін қалыптастыру және шағын бизнесті дамыту мәселелеріне тоқталды. Кәсіпкердің айтуынша, бизнестің ұзақ мерзімді дамуы ең алдымен сапа мен жауапкершілікке байланысты.

– Ең алдымен, өз ісіңді жақсы көру және сапаға ерекше мән беру маңызды. Тұтынушының сенімін бір күнде қалыптастыру мүмкін емес. Ол үшін әр өнімге жауапкершілікпен қарап, тұрақты түрде дамып отыру қажет, – деді Sheker кондитерлік дүкенінің негізін қалаушы Айнұр Маханбетова.

Ал кәсіпкер Никита Дорош жастарға бизнестің әртүрлі бағыттарын қатар алып жүру тәжірибесі туралы айтып берді. Ол Neyches Boots аяқ киім брендін дамыту мен Groovy және DUNK барларын басқарудың ерекшеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ бірнеше бағытта жұмыс істеу үшін жауапкершілікпен қатар, өзгерістерге бейімделу және командамен тиімді қарым-қатынас орнату қажеттігін атап өтті.

– Ең алдымен, жауапкершілік, икемділік және адамдармен жұмыс істей білу маңызды. Әр саланың өзіндік ерекшелігі мен талаптары бар. Сондықтан үнемі үйреніп, өзгерістерге бейімделу керек. Сонымен қатар өз командаңа сенім артып, ортақ мақсатқа жұмылдырудың маңызы зор, – деп атап өтті кәсіпкер Никита Дорош.

Төртінші спикер, блогер әрі кәсіпкер Айдос Аринов әлеуметтік желідегі қызметінің басталуы, жеке бренд қалыптастыру және блог жүргізуді кәсіпкерлікпен ұштастыру жолдары туралы әңгімеледі. Ол қазіргі цифрлық кеңістікте жеке ерекшелікті таныта білудің, аудиториямен сенімді байланыс орнатудың және әлеуметтік желіні тиімді құрал ретінде пайдаланудың маңызын атап өтті.

– Ең алдымен, өз бағытыңызды анықтап, шынайы контент жасауға тырысыңыз. Аудиторияның сенімі – ең үлкен құндылық. Біреуге еліктегеннен гөрі, өз ерекшелігіңізді көрсетіп, тұрақты жұмыс істеген дұрыс. Бастау үшін мінсіз жағдайды күтудің қажеті жоқ, – деді блогер Айдос Аринов.

Кездесудің маңызды бөлігі жастармен ашық диалогқа арналды. Қатысушылар спикерлерге кәсіп бастау, қаржылық сауаттылық, команда жинау, жеке бренд қалыптастыру, әлеуметтік желінің мүмкіндіктері және бизнестегі алғашқы қадамдар туралы сұрақтар қойды. Әрбір спикер өз тәжірибесіне сүйене отырып, жастарға нақты ұсыныстары мен пайдалы кеңестерін жеткізді.

Басқосу соңында төрт қонаққа ортақ блиц-сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, «Табысқа жету жолыңызға ең көп әсер еткен қандай шешім болды?» және «18 жастағы өзіңізге қандай кеңес берер едіңіз?» деген сауалдар талқыланды. Бұл сұрақтар спикерлерге өткен жолына көз жүгіртіп, өмірлік тәжірибесін жас буынмен бөлісуге мүмкіндік берді.

Мотивациялық кездесу барысында табысқа жетудің дайын формуласы жоқ екені, әр адамның жетістікке жету жолы өзіндік тәжірибе мен үздіксіз еңбектен тұратыны айтылды. Спикерлердің әңгімелерін біріктірген ортақ ой – армандаумен шектелмей, нақты әрекет ету, қателіктерден сабақ алу және үнемі дамуға ұмтылу.

Жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыру, олардың бастамаларына қолдау көрсету және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе Қарағанды қаласында ұйымдастырылып жатқан осындай кездесулер жас буынның түрлі кәсіп иелерімен тікелей тілдесіп, тәжірибе жинақтауына жол ашады. Өйткені кейде бір пайдалы кеңес немесе шынайы өмірлік оқиға адамның болашақ мамандығы мен кәсіби бағытын таңдауға ықпал етуі мүмкін.

«Дұрыс таңдау жаса!» жобасы аясындағы кездесудің де негізгі мәні осында. Ол жастарды дайын жетістікке шақырумен шектелмей, өз жолын іздеуге, жаңа білім алуға, бастамашыл болуға және жауапкершілікпен шешім қабылдауға үндейді. Мұндай жобалар жас буынның әлеуетін ашып, кәсіпкерлік ортаға қызығушылығын арттыруға және болашаққа сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»