Көктайғақта дрифт жасаған үш жүргізуші жауапқа тартылды

Қарағанды облысында көктайғақта қауіпті маневр жасаған үш жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға Абай ауданына қарасты Топар кентінде болған. Қолайсыз ауа райына қарамастан жолда дрифт жасаған 18 бен 21 жас аралығындағы жастардың көліктері BMW және Volkswagen маркалы болған.

Соңғы күндері өңірде қар аралас жаңбыр жауып, жолдарда көктайғақ пайда болды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтті. Республикалық маңызы бар автожолдарда тәулік бойы 50 автопатруль мен 100-ден астам полицей кезекшілік атқарды. Тәртіп сақшылары Қарағандыдан Алматы бағытына қарай жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 30-дан астам автокөлікті тоқтатып, кері қайтарды. Ал Топар кентінде мұз басқан жолда дрифт жасаған үш жүргізуші анықталды. Оларға әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен айыппұл салынды.

– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар автожолдарға 23 рет тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жауапты ұйымдарға 16 нұсқама беріліп, міндеттерін тиісінше орындамаған бес кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Теміртау қаласы ПБ Шығыс полиция бөлімінің бастығы Талғат Оспанов.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырады. Әсіресе көктайғақ кезінде жылдамдықты асырмай, қауіпсіз арақашықтықты сақтау және ауа райы жағдайын ескеру маңызды. Мамандардың айтуынша, мұндай қолайсыз жағдайда жолдағы кез келген қауіпті маневр қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан жол ережесін сақтау – әр жүргізушінің басты міндеті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»