Қарағанды спорты: жетістік пен жаңа мүмкіндіктер
Қарағанды облысында бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спорты қатар дамып келеді. Бүгінде өңір тұрғындарының 460 мыңнан астамы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Ал мыңға жуық жерлесіміз еліміздің ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, қазір өңірде 1 600-ден астам спорт ұйымы жұмыс істейді. Соңғы бір жылда қарағандылық спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарда 9 мыңнан астам медаль жеңіп алған. Оның ішінде Азия ойындарында 12, ал Азия пара ойындарында 8 жүлде еншілеген.
Айта кетейік, жүзуші Диас Кенжебек Азия рекордын жаңартып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Сонымен қатар облыста ұлттық спорттың 11 түрі дамып келеді. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен балаларды спортқа тарту жұмыстары да жалғасуда.
– Облыста спорттың барлық бағытын дамытуға басымдық беріліп отыр. Спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктерімен қатар, тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар да жалғасуда, – деді Нұркен Нұратов.
Спорт инфрақұрылымын жаңарту да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Қазір Қарағанды қаласындағы «Шахтер» стадионы мен Ақтоғай ауылындағы стадион қайта жаңғыртылып жатыр. Бұдан бөлек, аула клубтары мен мектеп секцияларының желісі кеңейіп, бұқаралық спорттық фестивальдер тұрақты ұйымдастырылуда.
Брифингте басқарма басшысы алдағы кезеңдегі басымдықтарға да тоқталды. Оның сөзінше, спорт нысандарының қолжетімділігін арттырып, инфрақұрылымды ауылдық елді мекендерге дейін дамыту маңызды.
Осы бағыттағы жұмыстар өңір тұрғындарының спортпен шұғылдануына мүмкіндік беріп қана қоймай, жас спортшылардың қабілетін шыңдап, кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашады. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту мен спортшылардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне жағдай жасау жұмыстары жалғаса бермек.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

