Жаңашылдыққа бет бұрған «Шахтер»

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубында ойыншылардың денсаулығын бақылаудың жаңа жүйесі енгізілді. Енді футболшылардың физикалық дайындығы, медициналық жағдайы, тамақтануы және жаттығу кезіндегі жүктемесі заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен тұрақты бақылауда болады. Бұл жаңашылдық ойыншылардың денсаулығын сақтап, жарақаттардың алдын алуға және олардың алаңдағы көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған.

Клубтағы жаңа жұмыс тәсілдері мен алдағы жоспарлар Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшелері және Ардагерлер кеңесінің өкілдерімен өткен ашық кездесуде таныстырылды. Басқосуда клуб басшылығы жекешелендіруден кейінгі атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді де ортаға салды.

Кездесу барысында қазіргі таңда клуб қызметінде заманауи технологияларға ерекше назар аударылып отырғаны айтылды. Соңғы уақытта басқару жүйесі қайта құрылып, әр бағыт бойынша жеке мамандар жұмысқа тартылған. Бүгінде клубта жаттықтырушылар құрамымен қатар дене даярлығы, медициналық қызмет, талдау, психологиялық қолдау және қақпашыларды даярлау бағыттары бойынша арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Мұндай құрылым ойыншылармен кешенді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

«Шахтер» футбол академиясының директоры Сергей Якушиннің айтуынша, барлық футболшының көрсеткіштері арнайы цифрлық жүйеге енгізіліп, күн сайын талданып отырады. Егер қандай да бір ойыншының ағзасына түсетін жүктеме қалыпты деңгейден асып кетсе немесе денсаулығына қатысты өзгерістер анықталса, жүйе оны бірден көрсетеді. Осыдан кейін дәрігерлер мен бапкерлер жаттығу бағдарламасын қайта қарап, жүктемені азайтады немесе қажетті медициналық шараларды қабылдайды.

Сонымен қатар әр ойыншыға жеке медициналық карта жасалған. Футболшылар тұрақты түрде кеңейтілген қан талдауынан өтіп, денсаулық көрсеткіштері жіті бақылауда болады. Тексеру нәтижесіне сәйкес дәрумендер қабылдау тәртібі, тамақтану рационы және қалпына келтіру бағдарламасы әр спортшыға жеке әзірленеді. Мұндай тәсіл ойыншылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың физикалық мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы Жәнібек Садықанов мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтты.

Клуб басшылығының жанкүйерлер мен қоғам өкілдері алдында ашық есеп беруі өзара сенімді нығайтады. Сондай-ақ ол кездесуде «Шахтердің» қалыптасқан дәстүрлері сақталатыны және балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту алдағы уақытта да негізгі бағыттардың бірі болып қала беретіні айтылғанын жеткізді.

Қазіргі таңда клубтың басты мақсаты өзгерген жоқ. Команда алдағы маусымда Қазақстан Премьер лигасына қайта оралуды көздейді. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, негізгі құраммен қатар жас футболшыларды тәрбиелеуге де басымдық беріліп отыр.

Кездесу өткен күні қарағандылық жанкүйерлер үшін тағы бір жағымды жаңалық болды. Бірінші лига аясындағы матчта «Шахтер» өз алаңында «Тұран» командасын 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі екінші орнын сақтап қалды. Бұл нәтиже команданың Премьер лигаға жолдама алу жолындағы маңызды қадамдарының бірі болды.

Заманауи технологияларды енгізу, ойыншылардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу және клуб жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету «Шахтердің» жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын аңғартады. Клуб басшылығы қолға алынған өзгерістер алдағы уақытта команданың нәтижесіне оң әсерін тигізіп, Қарағанды футболының бұрынғы беделін қайта нығайтуға ықпал етеді деп сенеді.