Әр ағаштың өз иесі бар: Қарағандыда цифрлық экожоба қолға алынды

Қарағандыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында экологиялық тәрбиені жаңа технологиямен ұштастырған ерекше бастама жүзеге асырылып жатыр. Қарағанды индустриялық-технологиялық колледжінің ұжымы бір жылдық қарағай көшеттерін отырғызып қана қоймай, олардың күтімін цифрлық жүйе арқылы бақылауды қолға алды. Енді әр ағаштың өз есімі мен QR-коды болады. Ал оны күтіп-баптауға нақты бір студент жауап береді.

«Ұрпақтың жасыл коды» деп аталатын экологиялық жоба дәстүрлі сенбіліктің аясын кеңейтіп, ағаш отырғызуды ұзақ мерзімді жауапкершілікке айналдыруды көздейді. Колледж студенттері әлеуметтік желіде бөліскен бастама аясында кішкентай қарағай өскіндерін арнайы дайындалған жерге отырғызуда. Әзірге олар бір-біріне жақын орналастырылған. Тамыры бекіп, бойы өскеннен кейін жеке-жеке отырғызу жоспарланған.

Колледж директоры Зүлейха Сыздықованың айтуынша, әлеуметтік серіктестер оқу орнына 600 түп қарағай сыйға тартқан. Енді сол көшеттердің әрқайсысы белгілі бір адамға бекітіліп, күтімі соған жүктеледі.

– «Кішкентай ханзада» ертегісінің авторы Антуан де Сент-Экзюпери «Біз қолға үйреткендеріміз үшін жауаптымыз» деген тамаша ой қалдырған. Біздің бастамамыздың да негізгі мәні – осы. Әрқайсымыз бір көшеттен отырғызып, оның өсуіне жауапты боламыз. Бүгінде әлеуметтік серіктестеріміз сыйға тартқан қарағайлар Қарағанды топырағына тамыр жайып келеді, – дейді Зүлейха Сыздықова.

Шын мәнінде, ағаш отырғызу – жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – оның кейінгі күтімі. Өйткені кейде сенбілік кезінде егілген көшеттер қараусыз қалып, қурап жатады. Бұл жолы ұйымдастырушылар осындай олқылыққа жол бермеуді мақсат еткен. Студенттерге ағашты дұрыс отырғызу, суару, топырағын күтіп-баптау жолдары түсіндірілген.

Колледждің бірінші курс студенті Родион Чумаковтың сөзінше, бұл жұмыс жастарға жаңа тәжірибе беріп қана қоймай, табиғатқа деген жауапкершілікті де арттырады.

– Биология пәнінің мұғалімдері бізге ағашты қалай дұрыс отырғызу керектігін көрсетті. Алдымен жерді дайындап, көшеттерді отырғыздық, суарып, топырағына тыңайтқыш қостық. Өзім де көшет отырғызуды үйрендім. Кейін бұл істі бізден кейінгі буынға, колледжге жаңадан түсетін студенттерге табыстаймыз, – дейді Родион Чумаков.

Қазір колледж аумағына жүздеген қарағай көшеті отырғызылып жатыр. Жасыл желек отырғызылатын учаскелер бірінші курстың 12 академиялық тобына бекітілген. Жобаның ерекшелігі – әр көшетке жеке нөмір мен есім беріліп, жанына QR-коды бар тақтайша орнатылады. Осы арқылы ағаш туралы мәліметті тіркеп, оның күтімін бақылауға мүмкіндік туады.

Колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Бигүл Бұхай бұл бастаманың басты мақсаты студенттерді жауапкершілікке үйрету екенін атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – тек тал отырғызу емес, балаларды жауапкершілікке баулу. Колледжде тәрбие жұмысын дәріс арқылы да жүргіземіз. Бірақ жауапкершілікті іс жүзінде көрсетіп, нақты әрекет арқылы үйретудің маңызы зор. Әр студент өзіне бекітілген көшетке қамқорлық жасайды деп сенеміз, – дейді Бигүл Бұхай.

Бастама колледж аумағымен ғана шектелмейді. Серіктестер ұсынған көшеттердің бір бөлігі қаладағы өзге білім беру ұйымдарына да беріліп, экологиялық челленджге ұласты. Мектептер мен колледждерге 50 түптен қарағай табысталып, оларды өз аумақтарына отырғызу ұсынылды. Осылайша, оқу орындары арасындағы ынтымақтастық экологиялық тәрбие мен тәжірибе алмасудың ортақ алаңына айналып отыр.

Мәселен, №13 мектеп ұжымы да бастаманы қолдаған. Мектеп директоры Арал Ержановтың айтуынша, алдағы уақытта колледжбен бірлескен кәсіби бағдар беру жұмыстары да жалғасады. Оқушыларға жұмысшы мамандықтары таныстырылып, экскурсиялар мен кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.

– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында мектебімізде түрлі акциялар мен челлендждер өткізіліп жүр. Енді бізге берілген қарағай көшеттерін мектеп ауласына отырғызамыз. Әр ағашқа бірінші сынып оқушысының есімі беріледі. Сол оқушы оқу жылы аяқталғанша өз көшетіне күтім жасайды. Бұл балаларды табиғатты аялауға және өз ісіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді, – дейді Арал Ержанов.

Осылайша, Қарағандыда басталған экологиялық бастама қаладағы өзге білім беру ұйымдарына да таралып келеді. Жоба ағаш отырғызуды бір күндік науқаннан тұрақты іске айналдырып, цифрлық мүмкіндіктерді тәрбие жұмысымен ұштастыруды көздейді.

Табиғатты қорғау үлкен істерден ғана басталмайды. Кейде бір адамның өзіне бекітілген бір көшетке күн сайын қамқорлық жасауы да қоршаған ортаға қосылған маңызды үлес. Бүгінгі кішкентай қарағайлар ертең жасыл желекке айналса, оның артында жастардың еңбегі мен жауапкершілігі тұратыны анық.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»