Отбасы құндылығы – ұлт қазынасы
Қарағандылық Кернебаевтар әулеті «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауында жеңімпаз атанып, республикалық деңгейде өңір абыройын асқақтатты. Бірнеше буыннан құралған бұл отбасының өмірлік ұстанымы – адал еңбек, сапалы білім, үлкенге құрмет пен ұрпақ тәрбиесі. Әулеттің жетістігі – бір шаңырақ астында қалыптасқан ортақ құндылықтар мен ата-анадан балаға жалғасқан өнегенің нәтижесі. Жеңімпаздарға 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Отбасы – қоғамның негізі, ұлт тәрбиесінің алтын бесігі. Адам бойындағы адамгершілік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттер ең алдымен шаңырақтағы тәрбиеден бастау алады. Сондықтан отбасы институтын нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, ата-ана өнегесін дәріптеу – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы құндылықтарды кеңінен насихаттауға арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы да жыл сайын өнегелі шаңырақтарды көпшілікке таныстырып келеді.
Биыл байқауға еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам отбасы өтінім берген. Астанада өткен республикалық кезеңге өңірлік іріктеуден өткен 20 отбасы қатысып, өздерінің өмірлік тәжірибесін, отбасылық дәстүрлері мен жетістіктерін таныстырды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, еңбек әулеттері, ардагерлер мен бірнеше буын өкілдерінен құралған шаңырақтар болды. Жеңімпаздарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев құттықтап, отбасының қоғам өміріндегі айрықша орнына тоқталды. Оның айтуынша, адам бойындағы ізгі қасиеттер мен өмірлік ұстанымдардың қалыптасуы ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталады.
Қарағандылық Кернебаевтар әулетінің тарихы – адал еңбек пен білімге деген құрметтің жарқын үлгісі. Әулеттің үлкені Сапар Кернебаев саналы ғұмырын еңбекке арнаған. Әр жылдары оқытушы, агроном болып қызмет атқарып, өсімдіктерді қорғау басқармасын басқарған. Жұбайы Несібелді Түсіпбаевамен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде әулет 11 немере мен үш шөберенің қызығын көріп отыр.
Сапар Кернебаев үшін бала тәрбиесі әрдайым өмірдегі басты жауапкершіліктің бірі болған. Ол ұрпағына материалдық байлықтан бұрын білім, еңбекқорлық пен адамгершіліктің маңызды екенін ұғындыруға тырысқан. Өмірлік тәжірибесін кейінгі буынға жеткізіп, әр баласының өз жолын табуына қолдау көрсеткен.
– Балаға берілетін ең үлкен мұра – дүние-мүлік емес, дұрыс тәрбие мен жақсы өнеге. Біз балаларымызға кішкентайынан білім алуды, еңбектенуді және қандай жағдай болса да адамгершілікті жоғалтпауды үйреттік. Әрқайсысының өз жолын тауып, елге пайдалы азамат болғанын қаладық. Бүгінде немере-шөберелеріміздің жетістігін көріп, сол еңбектің ақталғанына қуанамыз. Бұл жеңіс – бір адамның емес, бүкіл әулеттің қуанышы, – дейді Сапар Кернебаев.
Отбасында қалыптасқан білім мен ғылымға деген құрмет кейінгі ұрпақтың да өмірлік ұстанымына айналған. Әке жолын жалғастырған Айдын Кернебаев еңбек жолын жоғары оқу орнында оқытушылық қызметтен бастаған. Қазіргі уақытта жетекші ғылыми қызметкер. PhD ғылыми дәрежесі мен қауымдастырылған профессор атағына ие. Ғылыми ізденістері агроөнеркәсіптік кешенге зияткерлік технологияларды енгізу бағыттарымен байланысты.
Оның кәсіби қалыптасуына әкесінің еңбек жолы мен отбасында алған тәрбиесі ерекше ықпал еткен. Бала күнінен көрген еңбекқорлық пен жауапкершілік бүгінде ғылым саласындағы қызметінің негізгі қағидасына айналған.
– Біздің отбасымызда білім алу әрдайым басты құндылықтардың бірі болды. Әкемнің еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесі маған үлкен үлгі. Ол кісі қандай жұмыспен айналысса да, жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденісте жүретін. Мен де осы ұстанымды басшылыққа алдым. Бүгінде ғылым саласында қызмет етіп, жаңа жобалармен айналысуым – сол тәрбиенің нәтижесі деп білемін. «Мерейлі отбасы» байқауындағы жеңісіміз – әулетіміздің ортақ еңбегіне берілген баға, – дейді Айдын Кернебаев.
Ал әулеттің берекесі мен бірлігін сақтап отырған жанның бірі – Несібелді Түсіпбаева. Бес баланы тәрбиелеп, олардың әрқайсысының өмірден өз орнын табуына үлес қосқан ана үшін отбасының амандығы мен ұрпақтарының татулығынан асқан бақыт жоқ. Оның пайымынша, шаңырақтың берік болуы өзара сыйластық пен мейірімге байланысты.
– Отбасының берекесі – сыйластықта. Балаға кішкентайынан мейірім мен тәрбие қатар берілуі керек. Біз балаларымызға үлкенді сыйлауды, бір-біріне қамқор болуды, қандай жағдайда да туыстық байланысты үзбеуді үйреттік. Қазір немере-шөберелеріміздің ортасында жүргеніміз – біз үшін үлкен бақыт. Олардың жетістігін көрген сайын көңіліміз өседі. Бұл байқаудағы жеңісімізге бүкіл отбасымызбен қуандық, – деп атап өтті Несібелді Түсіпбаева.
Кернебаевтар әулеті үшін «Мерейлі отбасы» байқауындағы жеңіс – тек марапат пен материалдық сыйлық емес, бірнеше буынның ортақ еңбегіне берілген баға. Республикалық кезеңге отбасы мүшелерінің барлығы қолдау білдіріп, бірліктің үлгісін көрсетті. Олар үшін бұл сайыс өздерінің өмірлік ұстанымдарын таныстырып қана қоймай, отбасылық дәстүрлерді кейінгі ұрпаққа жеткізудің де мүмкіндігі болды.
Байқаудың басты ерекшелігі – жеке адамның жетістігінен гөрі тұтас отбасының өнегесін, өзара қолдауын, еңбек жолы мен ұрпақтар сабақтастығын бағалауында. Мұндай бастамалар қоғамда отбасы құндылықтарының маңызын арттырып, жас ұрпаққа ата-ананы құрметтеу, үлкенге ізет көрсету, туған-туыспен қарым-қатынасты сақтау секілді ізгі қасиеттерді насихаттауға ықпал етеді.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, бала тәрбиесіндегі озық тәжірибелерді насихаттау және ұлттық отбасылық дәстүрлерді сақтау. Осы уақыт аралығында байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.
Қарағандылық Кернебаевтар әулетінің жеңісі – отбасы тәрбиесінің, адал еңбектің және білімге ұмтылыстың жемісі. Бір шаңырақ астында бірнеше ұрпақты біріктірген бұл отбасының өмір жолы қоғам үшін маңызды қарапайым ақиқатты тағы бір мәрте көрсетеді: берік отбасы – берекелі қоғамның негізі. Ал ата-ананың өнегесімен қалыптасқан тәрбие мен құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, елдің рухани байлығын арттыра береді.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

