Ғылымға ғұмырын арнаған тұлға

Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Қоңырұлы Қасеновтің 80 жылдық мерейтойына орай Қарағандыда мемориалдық тақта ашылды.

Тағылымды шара ғалымның өнегелі өмір жолы мен отандық ғылымға сіңірген еңбегін ұлықтауға арналды. Салтанатты рәсімге қоғам және мемлекет қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, академиктер, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, туған-туыстары қатысты. Жиынға Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы да қатысты.

Болат Қасенов – отандық химия ғылымының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан зерттеуші. Ол ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын ғылымға арнап, физикалық химия, химиялық термодинамика, термохимия және биорганикалық қосылыстар бағытында іргелі зерттеулер жүргізді. Ғалымның ғылыми еңбектері халықаралық деңгейде танылып, зерттеу нәтижелері ғылымның дамуына негіз болды. Ол өзінен кейін мол ғылыми мұра мен ізін жалғастырған шәкірттер қалдырды.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ғалымжан Өтелбайұлы көрнекті ғалымның ел ғылымындағы орнына тоқталып, есімін ұлықтаудың кейінгі ұрпақ үшін тағылымдық мәні зор екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел үмітін ақтап, халықтың ықыласына бөленген тұлғаларды ұлықтау – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы екенін атап өткен болатын. Бүгінгі мемориалдық тақтаның ашылуы – сол құрмет пен азаматтық борышымыздың нақты көрінісі, – деді ол.

Шара барысында ғалымның өмірлік серігі Рымкеш Көкішқызы да жүрекжарды естелігімен бөлісті. Ол Болат Қасеновпен бірге өткізген жылдарын еске алып, оның ғылымға деген адалдығы мен еңбекқорлығын ерекше атап өтті.

– Болат екеуміз өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрдік. 56 жыл бірге ғұмыр кешіппіз. Оның ғылымға деген адалдығы мен еңбегі әрдайым есімде, – деді Рымкеш Көкішқызы.

Мерейтой аясында ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасына арналған кітаптың тұсауы кесілді. Жаңа басылымда оның ғұмыр жолы, ғылыми ізденістері мен отандық ғылымға қосқан үлесі қамтылған. Кітап жас ұрпаққа көрнекті ғалымның еңбегін таныстырып, ғылымға деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

Мемориалдық тақтаның ашылуы мен жаңа кітаптың таныстырылымы – Болат Қасеновтің есімін ұрпақ жадында сақтауға бағытталған тағылымды шара. Ғылымға адал қызмет етіп, артында өшпес із қалдырған тұлғаның өмір жолы кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»