Қарағандыда балаларды оңалтудың жаңа мүмкіндіктері ашылады
Мемлекет басшысының өңірлерде балаларды оңалтудың кешенді орталықтарын ашу жөніндегі тапсырмасы Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатыр. Қарағанды қаласының Пришахтинск ауданындағы 22-шағын ауданда Ұлттық балаларды оңалту орталығының филиалы бой көтеруде. Жаңа медициналық мекеме денсаулығына байланысты оңалтуды қажет ететін балаларға кешенді көмек көрсетіп, өңірдегі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырмақ.
Баланың денсаулығын қалпына келтіру, қоғамға бейімдеу және толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалар үшін сапалы оңалту қызметінің тұрғылықты жеріне жақын болуы ата-аналарға да үлкен қолдау. Осы ретте Қарағандыда салынып жатқан жаңа орталық өңірдегі өзекті мәселені шешуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба саналады.
Медициналық нысан 75 төсек-орынға есептелген. Жоспар бойынша мұнда жыл сайын мыңнан астам бала стационарлық жағдайда ем қабылдап, тағы екі мыңға жуық бала амбулаториялық оңалтудан өтеді. Бұл өңірдегі отбасыларға қажетті медициналық көмекті Астанаға немесе басқа қалаларға бармай-ақ алуға мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшелігі – оңалтудың медициналық, педагогикалық және әлеуметтік бағыттарын бір орталықта біріктіру. Мұнда физиотерапия, емдік дене шынықтыру, гидрокинезотерапия және аппараттық емдеу әдістері қолданылады. Сонымен қатар балалар дефектолог мамандардың көмегіне жүгініп, музыкалық терапия мен ұсақ моториканы дамыту сабақтарына қатыса алады.
Орталықтың материалдық-техникалық базасы да балалардың қажеттілігіне сай жасақталмақ. Ғимаратта Монтессори кабинеттері, түрлі шеберханалар, дене шынықтыру және акт залдары, бассейн қарастырылған. Ал аумағында он бейімделген ойын алаңы мен спорт алаңы жабдықталады. Мұндай жағдайлар балалардың емделуімен қатар, күнделікті өмірге қажетті дағдыларды меңгеруіне, өз қабілеттерін дамытуына жол ашады.
Жобамен танысқан Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғиният ғимараттың мүмкіндіктеріне тоқталып, оның тек медициналық емес, әлеуметтік және педагогикалық көмек көрсетуге де қолайлы екенін атап өтті.
– Ғимарат оңалту орталығына, мультидисциплинарлық кешенді көмек көрсетуге жарамды. Мұнда тек медициналық оңалтуды ғана дамытып қоймай, түзету мектебін, әлеуметтік қызметтерді, түрлі шеберханаларды ұйымдастыруға болады. Балалардың емделіп қана қоймай, бейімделіп, қоршаған ортаға бейімделіп, келешектегі өмірлеріне көмектесетін дағдыларға ие болуы маңызды, – деп атап өтті Ажар Ғиният.
Өңірде мұндай орталықтың қажеттілігі жоғары. Қазіргі уақытта тиісті медициналық қызметтердің болмауына байланысты жыл сайын 210 бала Астана қаласына оңалтуға жіберіледі. Бұл отбасылар үшін қосымша уақыт пен ұйымдастыруды қажет етеді. Жаңа филиалдың ашылуы осы мәселені шешіп, медициналық көмекті балаларға жақындатуға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы өңірлердің алдына балаларды оңалтудың кешенді орталықтарын ашу міндетін қойды. Бүгінде мұндай жалғыз орталық Астанада орналасқан. Тиісті медициналық қызметтердің жоқтығынан біз жыл сайын өңірге бөлінген квота бойынша 210 баланы жібереміз. Қарағандыда Орталықтың ашылуымен бұл көмек біздің облыс тұрғындарына қолжетімді болады, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Таурбеков.
Жобаны іске асыру аясында орталықта 150 маман еңбек етеді деп жоспарланған. Нысан құрылысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтің жеке бақылауында.
Жалпы, Қарағанды қаласында Ұлттық балаларды оңалту орталығы филиалының ашылуы – Мемлекет басшысының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын өңірлік деңгейде жүзеге асырудың нақты көрінісі. Ең бастысы, жаңа орталық балаларға қажетті медициналық көмекті қолжетімді етіп қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, білім алуына және болашақта өз мүмкіндіктерін толық пайдалануына жағдай жасамақ. Бұл – жүздеген отбасы үшін маңызды қолдау әрі өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы елеулі қадам.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

