Өнер әлеміне виртуалды саяхат

Сурет пен көрермен арасындағы шекара жойылса, өнерді қабылдау қалай өзгереді? Бұл сұраққа Қарағандыда өткен бесінші халықаралық «Цифрлы күз» фестивалі жауап берді. Облыстық бейнелеу өнері музейінде ұйымдастырылған көрмеде келушілер виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары арқылы өнер туындыларын жаңа қырынан таныды. Францияның жетекші цифрлық студиялары әзірлеген 13 иммерсивті жұмыс көрерменге дәстүрлі музей кеңістігінен шығып, шығарманың ішіне енгендей әсер сыйлады.

Бұл көрмеде келушілер тек сырттай бақылаушы болып қалмайды. VR-көзілдіріктер арқылы виртуалды кеңістікті аралап, өнер туындыларымен өзара әрекеттесе алады. Клод Моненің әйгілі тоғанына виртуалды саяхат жасауға, Мона Лиза бейнесін жаңа форматта көруге, ерекше цифрлық кеңістіктер мен дыбыстық лабиринттерді зерттеуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ экспозицияда Нотр-Дам сәулет өнері мен өзге де танымал туындылардың цифрлық нұсқалары ұсынылды.

Көрмені тамашалаған алғашқы келушілердің бірі Елизавета Кривых мұндай форматтағы мәдени шараға алғаш рет қатысқанын айтты. Оның назарын тарихи ғимараттың қалай салынғанын көрсететін цифрлық жоба аударған.

«Мен бір сарайдың құрылысын көрдім. Нақты қандай сарай екенін білмеймін, бірақ онда оның сызбалары, жоспарлануы, бұрын қалай тұрғызылғаны және заманауи технологиялар көрсетілді. Бұған дейін мұндай орындарда болып, осындай көрмелерге қатыспаған едік. Бізге өте ұнады, қызықты әрі танымдық болды. Алдағы уақытта барлық көрмелер осындай форматта өткізілетін шығар», – деді көрмеге келуші Елизавета Кривых.

Бесінші халықаралық фестиваль Қарағандыға Францияның жетекші студиялары дайындаған 13 иммерсивті туындыны әкелді. Жоба 2022 жылдан бері Қазақстанның түрлі мәдени алаңдарында өткізіліп келеді. Оны Франция Елшілігі мен Француз институты Француз альянсының қолдауымен ұйымдастырды. Басты мақсат – виртуалды және толықтырылған шынайылық технологияларының өнерді қабылдау мен әлемді танудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын көрсету.

Францияның Қазақстандағы Елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі Аменис Жереннің айтуынша, Қарағандыда мұндай форматтағы виртуалды көрме алғаш рет ұйымдастырылған. Экспозицияға француз өнерінің танымал туындылары мен анимациялық жобалары енгізілген.

«Қарағандыда мұндай виртуалды көрме алғаш рет өтіп жатыр. Мұнда француз суреттері мен анимациясы ұсынылған. Каталогымызда Моне, Ван Гог, Мона Лиза және Нотр-Дам архитектурасына арналған жұмыстар бар. Бұл – өте қызықты жоба», – деді Аменис Жерен.

Ұйымдастырушылар фестивальді мәдениеттер мен дәуірлер арасындағы байланысты нығайтатын ерекше жоба ретінде бағалайды. Қарағанды үшін бұл тек жаңа форматтағы көрме ғана емес, өңірдің мәдени кеңістігін цифрлық технологиялармен толықтыруға жасалған қадам. Қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова өнер мен цифрландырудың өзара байланысы қазақстандық мәдениеттің де жаңа бағытта дамуына жол ашатынын атап өтті.

«Өнердегі бұл өзгерістер мен цифрландыру елімізде, Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістермен үндесіп жатыр. Осы күндері қарағандылықтар белгілі француз суретшілерінің шығармашылығын басқа форматта сезініп, өз әсерлерімен бөліседі деп ойлаймын. Болашақта біз де отандық туындыларымызды осындай форматта ұсына аламыз», – деді Ләззат Ақылжанова.

Облыстық бейнелеу өнері музейі үшін де мұндай интерактивті экспозицияны қабылдау – тың тәжірибе. Технологиялар көрерменге шығарманың ішіне еніп, оны өзгеше сезінуге мүмкіндік бергенімен, дәстүрлі өнердің құндылығы өзгермейді. Музей директоры Бибігүл Құдабаева жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, суретшінің жан дүниесін толық алмастыра алмайтынын айтты.

«Суретшінің тірі қолын ешқандай жасанды интеллект алмастыра алмайды деп есептеймін. Өйткені суретші кенепке өз жанын салады, ал мұндай жан дүниені жасанды интеллект әзірге соншалықты терең бере алмайды. Бәлкім, уақыт өте келе бұл бағыт та дамитын шығар. Цифрлық контентті тамашалауға келген адам жан-жағына қарап, музей залдарында ұсынылған шынайы, жанды өнер туындыларын да көре алады», – деді Бибігүл Құдабаева.

Осылайша, «Цифрлы күз» фестивалі заманауи технологиялар мен дәстүрлі өнердің бір кеңістікте үйлесе алатынын көрсетті. «Шынайылықтар арасындағы жолдар» атты көрме қарағандылықтарға өнерді жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»