Қолжетімді интернет – цифрлық дамудың жаңа мүмкіндігі
Қазақстанда халықтың сапалы интернетке қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында елді мекендерді заманауи цифрлық инфрақұрылыммен қамтуға басымдық берілуде. Негізгі мақсат – азаматтар мен бизнес нысандарына жоғары жылдамдықты, тұрақты интернет ұсыну.
Жоба аясында шалғай елді мекендерге байланыс жеткізу үшін спутниктік технологиялар да пайдаланылуда. Нәтижесінде республика бойынша интернет сапасы төмен немесе мүлдем қолжетімсіз болған 740-тан астам аумақтың мәселесі шешілді. Сонымен қатар байланыс желілерін салу және қажетті инфрақұрылымды орналастыру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді. Ауыл тұрғындарының цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Дүниежүзілік банктің қолдауымен 84 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылып, мыңнан астам ауылдағы үйлерге оптикалық-талшықты байланыс желісін жеткізу жұмыстары басталды. Бұл жоба ауыл халқының білім беру, мемлекеттік қызмет, медицина, кәсіпкерлік және басқа да онлайн сервистерді кеңінен пайдалануына мүмкіндік береді. Ұялы байланыс инфрақұрылымы да жаңғыртылуда. Қазіргі таңда еліміздің 20 қаласында 3 600-ден астам 5G базалық стансасы іске қосылған. Бұған қоса 560-тан астам ауылдық елді мекен 4G технологиясына көшірілді. Бұл мобильді интернеттің сапасы мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанның халықаралық цифрлық инфрақұрылымын дамыту бойынша да маңызды жобалар қолға алынған. Каспий теңізінің түбімен суасты байланыс желісін төсеу жұмыстары басталды. Ал Астанада жоғары өнімді жаңа Деректерді өңдеу орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Мұндай нысандар елдегі цифрлық сервистердің тұрақтылығын арттырып, деректерді өңдеу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Мамандардың айтуынша, цифрлық инфрақұрылымды дамыту – тек интернет жылдамдығын арттыру емес, сонымен бірге ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты азайтып, халыққа жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам.
– Ең бастысы – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы интернетке қол жеткізуіне жағдай жасау. Әсіресе ауылдық жерлердегі интернет инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл білім алудан бастап, мемлекеттік қызметтерді пайдалануға және кәсіпкерлікті дамытуға дейінгі көптеген бағытқа оң әсер етеді. Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылатын елді мекендер санын арттыру, оптикалық желілерді кеңейту және мобильді байланыстың жаңа технологияларын енгізу жалғасады. Негізгі міндет – цифрлық инфрақұрылымды халыққа барынша қолжетімді ету, – деді Әуесхан Оспанов, ҚР ҰЭМ Стратегиялық талдау және даму департаментінің директоры.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

