Жеңімпаздарға – құрмет, чемпиондарға – жаңа баспана
Қарағандыда Спорт күніне орай өңірдің спорт қауымдастығы бас қосқан салтанатты жиын өтті. Достық үйінде ұйымдастырылған шарада халықаралық және республикалық додаларда ел намысын қорғаған спортшыларға, оларды жеңіске жетелеген бапкерлерге, спорт ардагерлері мен сала мамандарына құрмет көрсетілді. Мерекелік шараның басты ерекшелігі – 2024 жылғы Паралимпиада және 2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне жаңа пәтерлердің кілті табысталды.
Мерекелік жиынға жиналғандар ғимарат кіреберісіндегі фотокөрмеден өңір спортының жарқын жетістіктерімен танысты. Көрмеге спортшылардың халықаралық жарыстардағы жеңісті сәттері мен айтулы додалардан түсірілген фотосуреттер қойылған. Бұл – Қарағанды спортшыларының ел мерейін асқақтатып жүргенін айғақтайтын көрініс.
Салтанатты шара барысында спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға ерекше алғыс айтылды. Өңірде спорт инфрақұрылымын жетілдіру, балалар мен жастарды спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту және жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытында жұмыстар жалғасып келеді.
«Спорт дегеніміз – тек жарыс пен жеңіс емес. Бұл – елдің рухын көтеретін, жастарды тәртіпке, еңбекқорлыққа, табандылыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Сондықтан спортшыларымызға, олардың бапкерлеріне және осы салада еңбек етіп жүрген барша маманға қолдау көрсету – маңызды міндет. Бүгінде өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға, жас таланттарды қолдауға және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді», – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Шараның ең әсерлі сәті – халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсімі болды. 2024 жылғы Паралимпиада мен 2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері Дастан Мукашбеков, Даяна Федосова, Еркебұлан Қанафин, Аян Абдраш, Айжамол Абдиакатова және Айда Мақатова жаңа пәтерлі болды.
Спортшылардың бірі – Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері Аян Абдраш. Ол таэквондомен ұзақ уақыттан бері айналысып, халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап келеді. Спортшы үшін жаңа баспананың табысталуы – еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
«Таэквондомен көп жылдан бері айналысып келемін. Жақында ғана Сурдлимпиададағы жетістігімнен кейін осындай қуанышты жаңалыққа ие болып отырмын. Маған көрсетілген қолдау үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Қазақстан спортының одан әрі дамып, еліміздің көк байрағы халықаралық ареналарда әрдайым биікте желбірей беруін тілеймін», – деді Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері Аян Абдраш.
Жеңістің артында спортшының ғана емес, бапкердің, отбасының және жақындарының тынымсыз еңбегі тұрады. Осыны ескерген ұйымдастырушылар чемпиондардың ата-аналарына да ерекше құрмет көрсетті. Баласының жетістігіне қуанып, талай жыл бойы қолдау көрсеткен ата-аналарға алғыс айтылды.
«Менің қызым Ержан Мадина чемпион болды. Оның спорттағы әрбір жеңісіне қуанамыз, әр жарысына алаңдап, үнемі қолдау көрсетіп келеміз. Үш дүркін чемпион атанғанына да мақтанамыз. Балаларымыздың жолы ашық болып, осындай жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз. Спортпен айналысып жүрген жастардың бәріне тек жеңіс тілеймін», – деді спортшының анасы Қаламқас Қожахметова.
Мерекелік шарада спортшылармен бірге оларды даярлап, жеңіске жетелеген бапкерлер де марапатталды. Сала ардагерлері мен спорт ұйымдарының белсенді қызметкерлеріне Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің және Дене шынықтыру және спорт басқармасының құрмет грамоталары мен төсбелгілері табысталды.
Марапат иелерінің қатарында «Шахтер» футбол клубының бас жаттықтырушысы Андрей Финонченко да бар. Команда қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Премьер-лигасына шығу міндетін алдына қойып отыр. Сонымен қатар клубта жас футболшыларды даярлауға бағытталған жұмыстар күшейтілуде.
«Қазір «Шахтер» командасының басты міндеті – Қазақстан Республикасының Премьер-лигасына шығу. Бұл тапсырманы орындауға өте жақын қалдық деп ойлаймын. Сонымен қатар жастарды дамытуға ерекше көңіл бөліп, осы бағытқа басымдық беріп отырмыз. Инвесторымыз Тимур Русланұлы Турловтың келуімен арнайы академияның құрылысы жүріп жатыр. Оның ашылуы келесі жылы жоспарланып отыр. Бұл академия жас футболшыларды дайындауға үлкен мүмкіндік береді», – деді «Шахтер» ФК бас жаттықтырушысы Андрей Финонченко.
Салтанатты жиында спорт ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Оларға «Сарыарқа» хоккей клубының жаңа маусымдағы матчтарына жылдық тегін абонементтер және демеушілердің қаржылай сыйлықтары табысталды. Бұл – спорт саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген азаматтарға деген құрметтің көрінісі.
Жалпы, Спорт күніне арналған шарада спорттың адам өміріндегі маңызы, чемпиондардың жетістігі және салаға еңбегі сіңген азаматтардың үлесі кеңінен дәріптелді. Жаңа баспана алған спортшылар үшін бұл күн ерекше қуанышпен есте қалса, жас спортшылар үшін чемпиондардың жетістігі жаңа биіктерге ұмтылуға серпін берді.
Мерекелік жиын жергілікті өнерпаздардың патриоттық әндерімен және концерттік бағдарламамен жалғасты. Спорт күні осылайша жеңімпаздарға құрмет көрсетіп, жаңа мақсаттарға жігер беретін мазмұнды шарамен қорытындыланды.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

