Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Мектеп – баланың білім алып қана қоймай, өзін қауіпсіз әрі еркін сезінетін ортасы болуы тиіс. Алайда соңғы уақытта оқушылар арасындағы буллинг мәселесі қоғам назарынан түспей отыр. Әлеуметтік желілерде Степногорскідегі оқушыларға қатысты оқиға қызу талқыланып, балалар арасындағы әлімжеттік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Осыған байланысты Қарағанды облысындағы білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу, оны дер кезінде анықтау және балаларға психологиялық қолдау көрсету жұмыстарының маңызы арта түсті.

Қарағанды облысының құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі таңда өңір мектептерінде оқушылар арасындағы буллинг бойынша ресми тіркелген фактілер жоқ. Дегенмен бұл мәселе толық шешілді дегенді білдірмейді. Себебі мамандардың айтуынша, балаға көрсетілген қысымның барлығы бірдей мектеп әкімшілігіне немесе ата-анаға дер кезінде жетпейді. Әсіресе жасөспірімдер арасында әлеуметтік желілер арқылы жасалатын психологиялық қысымның жаңа түрлері пайда болып келеді.

Буллингтің алдын алуда мектеп психологтарының жұмысы ерекше маңызға ие. Мамандар оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылап, балалар арасындағы қарым-қатынастағы өзгерістерді дер кезінде байқап, қажет жағдайда көмек көрсетуі керек. Алайда ата-аналар мен педагогтер тарапынан психологтарға түсетін жұмыс көлемінің көптігі де мәселенің тиімді шешілуіне әсер ететін факторлардың бірі ретінде айтылып жүр.

«Бізге психологтардың өздері де жүгінеді. Өкінішке қарай, оларға қысым жасалады. Олардан есептер, толып жатқан кестелер талап етіледі. Бұған қоса түрлі іс-шаралар өткізу, тестілеу, әңгімелесу және басқа да жұмыстар бар. Психологтар жетіспейді. Олардың жалақысы да аз, ал атқаратын жұмысы өте көп. Қазір психологиялық қызмет туралы заң да қабылданды. Енді қандай өзгеріс болатынын күтеміз. Психологтардың штат санын көбейту керек», – деді «ПедсоюзКз» белсенді ата-аналар мен педагогтер қозғалысы педагогтер блогының әкімшісі Елена Бантикова.

Буллингтің алдын алу мақсатында елімізде «ДосболLIKE» антибуллинг бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жоба 2022 жылдан бастап пилоттық режимде енгізіле бастаған. Ал өткен оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде қолданылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында қауіпсіз психологиялық орта қалыптастырып, буллингті ерте анықтау және оның алдын алу.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бағдарламаны іске асыру нәтижесінде қауіпсіз ортада жүргенін сезінетін оқушылардың үлесі 2 пайызға артқан. Балалардың әлеуметтік оқшаулануы мен елемеуге қатысты көрсеткіштер 1,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар буллинг фактілерін анықтау көрсеткішінің өсуі де оң өзгеріс ретінде бағаланып отыр. Бұл балалардың мұғалімдерге сенім артып, өздеріне немесе қатарластарына қатысты жағдайларды ашық айта бастағанын көрсетеді.

«Қауіпсіз ортада жүргенін сезінетін оқушылардың үлесі 2 пайызға артты. Балалардың әлеуметтік оқшаулануы мен елемеуге қатысты көрсеткіштер 1,5 пайызға төмендеді. Ал буллинг жағдайларын анықтау көрсеткіші өсті. Яғни балалар мұғалімдеріне көбірек сеніп, мектепте немесе колледжде болып жатқан буллинг туралы айта бастаған», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің балаларды психологиялық сүйемелдеу басқармасының басшысы Раушан Көзкеева.

Мамандардың пікірінше, мұндай бағдарламалардың нәтижесі бірден байқалмайды. Балалар арасындағы қарым-қатынасты өзгерту, сенім атмосферасын қалыптастыру және буллингке төзбеушілік мәдениетін орнықтыру үшін жүйелі жұмыс қажет. Осы бағытта ата-аналардың пікірі де ескеріліп, бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілген.

Ал буллинг құрбандарымен жұмыс істейтін клиникалық психолог Татьяна Любчанская мәселенің әлі де өзекті екенін айтады. Оның сөзінше, қазіргі таңда әлімжеттіктің бір бөлігі әлеуметтік желілерге ауысып, кибербуллинг түрінде көрініс табуда. Мұндай жағдайда баланың қорқынышын немесе мазасыздығын ата-ана бірден байқай бермеуі мүмкін. Кейде мәселе балаға айтарлықтай психологиялық қысым түскеннен кейін ғана анықталады.

«Бұл – көптеген факторға байланысты күрделі мәселе. Сондықтан оны шешу жолы қазір ұсынылып отырған шаралардан әлдеқайда ауқымды болуы керек. Тек анықтап, жазалау мәселені шешпейді. Жазалаудың орнына буллингке қатысы бар барлық тараппен жұмыс істеу қажет. Әсіресе болған жағдайды көріп тұрып, үнсіз қалатындардың үлесі 80-90 пайызға жетеді. Егер олармен жұмыс жүргізілмесе, мәселе шешілмейді. Бірін жазалап, екіншісін жазалау балаларды одан сайын ұялтып, жағдайды ушықтыруы мүмкін», – деді клиникалық психолог Татьяна Любчанская.

Маманның айтуынша, буллингке қарсы жұмыста тек жәбірленуші мен қысым көрсетуші баламен ғана емес, оқиғаны сырттай бақылаған оқушылармен де жұмыс істеу қажет. Себебі сыныптағы жалпы ахуал, балалардың бір-біріне деген қарым-қатынасы мен үнсіз бақылаушылардың әрекеті де жағдайдың өрбуіне әсер етеді.

Сондықтан буллингтің алдын алу – бір ғана мектептің немесе психологтың міндеті емес. Бұл бағытта педагогтер, ата-аналар, психологтар, құқық қорғау органдары және балалардың өздері бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Бала өзіне жасалған қысым туралы қорықпай айтып, ал ересектер оның сөзін естіп қана қоймай, нақты қолдау көрсете алатын орта қалыптастыру маңызды.

Мектептегі қауіпсіздік тек бейнебақылау немесе тәртіп талаптарымен өлшенбейді. Баланың өзін тыңдайтын, түсінетін және қорғайтын ортаның болуы да қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Ал буллингке қарсы ең тиімді шара – мәселені жасыру емес, оны дер кезінде байқап, баланың құқығы мен психологиялық саулығын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыс.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»