Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жұмыстар жалғасуда

Қазақстан тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – саяси қуғын-сүргін жылдары. Сол бір күрделі дәуірде мыңдаған азамат жазықсыз жазаға тартылып, талай отбасы қайғы-қасіретке ұшырады. Бүгінде өткен тарихқа әділ баға беру, қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін қалпына келтіру және олардың тағдырын зерттеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Алматы қаласындағы Президент архивінде саяси қуғын-сүргінге қатысты миллиондаған тарихи құжаттарды зерттеу және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Құнды мұрағат материалдары кезең-кезеңімен зерделеніп, құпиялылығы алынған деректер халыққа ұсынылуда. Бұл құжаттар сол кезеңдегі тарихи оқиғаларды тереңірек түсінуге және жазықсыз жапа шеккен азаматтардың есімдерін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ғалымдардың айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы тек құжаттарды зерттеумен шектелмейді. Қаза тапқан азаматтардың жерленген орындарын анықтау, олардың өмір жолын зерделеу және тарихи әділ бағасын беру бағытындағы ізденістер әлі де жалғасып келеді.

– Жүргізілген кешенді зерттеулер нәтижесінде көптеген мұрағат материалдары қайта қаралып, құпия белгілері алынды. Соның нәтижесінде жүздеген мың азаматтың есімі заңды түрде ақталды. Бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам, – деді Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама мемлекеттік архивінің директоры Темірғали Аршабеков.

Зерттеу жұмыстары барысында арнайы мемлекеттік архивтерден жүздеген мың іс пен есепке алу құжаттары жинақталып, ғылыми орталықтарға тапсырылды. Нәтижесінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарындағы халықтың басынан өткерген ауыр тағдыры туралы тың деректер анықталды. Тарихи деректерге сәйкес, сол кезеңдегі нәубет салдарынан миллионнан астам адам туған жерін тастап, шетелдерге көшуге мәжбүр болған. Олардың бір бөлігі жат жерде өмір сүріп, елге оралмай дүниеден өтті.

– Шетелдерде қалған ата-бабаларымыздың тағдыры – ұлт жадындағы маңызды мәселе. Бүгінде көптеген азаматтар өздерінің тарихи тамырын іздеп, ата-бабаларының жерленген орындарын анықтауға күш салып келеді. Бұл жұмыстарға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп, жүйелі түрде зерттеу жүргізілуі қажет, – дейді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ермек Әбілдин.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – өткенге тағзым ғана емес, келешек ұрпақ үшін тарихи шындықты сақтау міндеті. Жазықсыз жапа шеккен азаматтардың есімдерін жаңғырту, олардың тағдырын зерттеу және тарихи сабақ алу – ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызды бағыттардың бірі. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, ұрпаққа өткеннің ақиқатын жеткізуге қызмет етпек.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»