Жастардың жақсы бастамасы

Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының еріктілері жақында ерекше бастама көтеріп, иттерге арналған мекенге барып, жануарларға өздерінің қамқорлығын көрсетті. Олар өз қолдарымен аумақты жинастырып, қоршаған ортаға тазалық енгізіп, сүйікті төрт аяқты достарының жағдайын жақсарту үшін қажетті азық пен керек-жарақтарды жеткізді. Бұл игі іс еріктілердің жанашырлығын, жануарларға деген құрметін және қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға деген ұмтылысын тағы бір рет дәлелдеді. Осындай әрекеттер арқылы жастарымыз әлемді жақсырақ ету үшін өз үлестерін қосып, айналадағы дүниеге мейірімділік пен қамқорлық сыйлайды.

Жастар ресурстық орталығының еріктілері қайырымдылық пен қоғамға пайда тигізуге ерекше көңіл бөледі. Олар тек адамзатқа ғана емес, жан-жануарларға да көмек көрсетуге әрдайым дайын. Белсенді түрде түрлі әлеуметтік бастамаларға қатысып, мұқтаж жандарға, көп жағдайда табиғаттағы әлсіз тіршілік иелеріне қолдау білдіруде. Осылайша, олар тек көмектесіп қана қоймай, қоғамдағы өзара түсіністік пен мейірімділік атмосферасын қалыптастырып, жастар арасында жауапкершілікті арттыруға үлес қосады. Әрбір игі ісі арқылы еріктілер қоғамның жақсаруына өз ықпалдарын тигізіп, болашаққа деген сенімділік пен үміт отын жағады.

– Біз иттерге қолдау танытып, қайырымдылық науқанымен келдік. Демеушілердің қаражатына иттерге тамақ алып, еріктілер жиналып қар тазалап, барынша көмек көрсетіп жатырмыз. Немен көмектесе аламыз, сонымен көмектесіп, қолдан келгенше қайырымдылық науқанын жүргізіп жатырмыз. Көбінесе енді қаржылай көмек керек болады. Ақшалай немесе жануарлар тамағы ретінде. Бөлінетін ақша болған жоқ еді, біз демеуші табамыз да, сол қаржыға тамақ әкелеміз, – дейді ерікті Нұрандас Әбілдин.

Баспана меңгерушісі Ольга Егорованың айтуынша, көптеген ит өз иесін асыға күтуде, олар жаңа өмірге қадам басуды армандайды, бірақ бұл тек адамдардың жанашырлығы мен қолдауына тікелей байланысты. Ол жануарларға қамқорлық көрсетудің тек бір реттік іс емес, үздіксіз, тұрақты қамқорлықты талап ететін үдеріс екенін атап өтті. Ольга Егорова бұл мәселенің қоғам үшін маңызды екенін, өйткені әрбір жануардың өз үйі мен жылы жүрегі болуы керек екенін алға тартты. Жануарларға деген қамқорлық – бұл тек физикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру ғана емес, олардың психологиялық жай-күйін жақсартып, жаңа өмірге деген сенімін ояту екендігін түсіндірді. Әр адам өз ықпалын тигізіп, оларды жаңа отбасымен қауыштыруға көмектесе алады.

– Адамдар көмек жинап, еріктілер жем әкеледі. Айына кемінде бір рет әртүрлі ұйымның еріктілері келеді. Олар физикалық жұмысқа да көмектеседі, бұл біз үшін өте маңызды. Бізге жұмыс күші катастрофалық түрде жетіспейді, сондықтан кез келген көмек аса маңызды, – деді баспана меңгерушісі Ольга Егорова.

Қарағанды жастары мұндай игі шараларды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»