Қауіптің алдын алу – басты міндет
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын іске қосу ұсынылды. Бастама «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі бағыттарымен үндеседі. Жобаның мақсаты – қауіп туралы хабарламаларға жедел әрекет етуді қамтамасыз ету, полиция жұмысының тиімділігін арттыру және ықтимал құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова Ішкі істер министрлігіне жобаны еліміздің жекелеген өңірлерінде сынақтан өткізуді ұсынды. Оның пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте жазаны күшейту ғана жеткіліксіз. Қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, әрбір хабарламаның назардан тыс қалмауын қамтамасыз ету маңызды.
Соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған қайғылы оқиғалар бұл мәселенің өзектілігін тағы да көрсетті. Депутаттың пайымдауынша, азаматтарды қорғау үшін заң талаптарын орындаумен қатар, профилактикалық шаралардың тиімділігін бақылау және жауапты органдардың әрекетін жүйелеу қажет.
Ұсынылып отырған жоба аясында үш негізгі тетік қарастырылған. Біріншісі – «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, жекелеген өңірлерде сынақтан өткізу. Екіншісі – қауіп туралы хабарлама түскен кезде полиция қызметкерлері орындауға міндетті бірыңғай әрекет алгоритмін бекіту. Үшіншісі – әрбір хабарламаның тіркелу уақытын және оған байланысты қабылданған шараларды цифрлық жүйеде автоматты түрде есепке алу.
Депутаттың айтуынша, бұл үшін жаңадан қымбат жүйе құру міндетті емес. Қолданыстағы профилактикалық есеп пен электрондық бақылау мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы да нәтижеге қол жеткізуге болады. Мұндай тәсіл полиция жұмысының жүйелілігін арттырып, қауіп туралы ақпаратқа уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігін қорғау айрықша маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған бастама тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте алдын алу шараларын күшейтіп, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Жобаның тиімділігі оның тәжірибеде қаншалықты нәтижелі іске асатынына байланысты. Қауіп туралы әрбір хабарламаға дер кезінде әрекет ету, қабылданған шаралардың орындалуын бақылау және азаматтарды қорғау тетіктерін жетілдіру – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңызды қадамдар.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қауіп туралы хабарламаларға жедел әрекет етіп, әрбір сигналдың назардан тыс қалмауын қамтамасыз ету қажет. Ұсынылып отырған цифрлық тетік полиция жұмысының тиімділігін арттырып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндік береді», – дейді Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

