Педагогтерге сұраныс: өсім бар, қажеттілік те жоғары

Қазақстанда мұғалімдер саны соңғы бес жылда 13 пайызға өсіп, 415 мыңнан асты. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Педагогтердің 80 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Дегенмен білім беру саласында кадрларға деген сұраныс әлі де жоғары.

Мұның бір себебі – мектептер санының артуы. Қарағанды облысында соңғы жылдары 13 жаңа білім ордасы ашылды. Өңір үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешкенімен, жаңадан бой көтерген мектептерге білікті мұғалімдер қажет. Қазір әсіресе математика, бастауыш сынып, қоғамдық пәндер мұғалімдері мен дефектологтер тапшы.

Педагог кадрларын даярлауда Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің орны ерекше. Бүгінде оқу орнының педагогикалық факультетінде 1,5 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Түлектердің төрттен үш бөлігі диплом алғаннан кейін бірден жұмысқа орналасады.

Өңір мектептері жыл сайын 600-ге жуық жас маманмен толығады. Олардың бір бөлігі жергілікті гранттар есебінен білім алып, аймақтағы білім беру ұйымдарының кадрлық қажеттілігін өтеуге үлес қосып келеді. Осылайша, педагогтер санын арттырумен қатар, мектептерді сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда.

Сурет: stan.kz

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»