Ұлттық банк ақық тасы бар күміс монета шығарады

Қазақстан Ұлттық банкі AQYQ атауымен ақық тасы орнатылған жаңа коллекциялық күміс монетаны айналымға шығарады. Ұлттық зергерлік өнердің элементтерімен безендірілген монетаны шынжырға немесе бауға тағып жүруге болады.

Монета 925 сынамалы күмістен жасалған, ортасына сердолик тасы қондырылған. Салмағы – 20 грамм, диаметрі – 33 миллиметр. Дизайнында қазақ зергерлік өнеріне тән сіркелеу әдісі, ұлттық ою-өрнек және тасты кіріктіру техникасы қолданылған. «Ақық» сөзі қазақ тілінде жартылай қымбат тасты, соның ішінде сердоликті де білдіреді.

Монетаның жоғарғы бөлігіндегі арнайы тесік оны әшекей ретінде тағуға мүмкіндік береді. Таралымы – 5 мың дана, номиналы – 1 000 теңге.

AQYQ коллекциялық монетасының сатылымы 27 қазанда Ұлттық банктің интернет-дүкенінде басталады.

Ұлттық банк мәліметінше, коллекциялық монеталар Қазақстан аумағында өздерінің атаулы құны бойынша төлемдердің барлық түріне қабылданады. Сондай-ақ оларды банк шоттарына аударуға және елдегі банктерде айырбастауға болады.