Туған елге тағзым – жырмен өрілген патриоттық сезім
Отанға деген сүйіспеншілік пен туған жерге құрмет өлең жолдарымен өрнектелді. Республика күніне орай Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында «Туған елге тағзым» атты қалалық көркемсөз оқу байқауы өтті. Сайысқа қала мектептерінің үшінші сынып оқушылары қатысып, қазақстандық ақындардың шығармаларын мәнерлеп оқудан бақ сынасты.
Байқаудың басты мақсаты – отандық авторлардың шығармаларын насихаттау, балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және көркемсөз оқу мәдениетін қалыптастыру. Жас қатысушылар Отан, туған жер, ел бірлігі мен мемлекеттік рәміздерді құрметтеу тақырыптарындағы өлеңдерді жатқа айтып, сахнада өз шеберліктерін көрсетті.
Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы басшысының орынбасары Қалқатай Қалиеваның айтуынша, мұндай байқаулар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға ықпал етеді.
«Республика күніне орай, облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Туған елге тағзым» атты қалалық көркемсөз оқу байқауын ұйымдастырдық. Қатысушылар Отанға, туған жерге, Қазақстан халқының бірлігіне және мемлекеттік рәміздерге құрмет тақырыптарында өлең оқиды. Байқауға өтінімдер қыркүйек айынан бастап қабылданды. Балалардың осындай шығармашылық сайыстарға қызығушылық танытып, белсенді қатысуы бізді қуантады», – дейді Қалқатай Қалиева.
Байқау мемлекеттік және орыс тілдерінде өтті. Қазылар алқасы қатысушылардың өлеңді жатқа білуіне ғана емес, сөздерді анық айтуына, дауыс ырғағына, сахна мәдениетіне және шығарманың мазмұнын көрерменге жеткізе білуіне назар аударды. Өйткені көркемсөз оқу – мәтінді жатқа айтумен шектелмейтін, әр сөздің мағынасын сезініп, тыңдаушыға әсерлі жеткізуді талап ететін өнер.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға ондаған өтінім түскен. Үшінші сынып оқушылары үшін үлкен аудитория алдында өнер көрсету – өз алдына бір сынақ. Бірі толқынысын жеңуге тырысса, енді бірі дауыс мәнері мен сахнадағы еркіндігін көрсетуге ұмтылды. Осындай тәжірибе балалардың өзіне деген сенімін арттырып, шығармашылық қабілетін шыңдайды.
Қалқатай Қалиева байқаудың тәрбиелік мәніне де тоқталды.
«Ең алдымен, балалардың көркемсөз оқу шеберлігі, әр сөйлемді дұрыс әрі анық дыбыстауы бағаланады. Әрине, кез келген сайыста жеңімпаздар анықталады. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз – балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың бойында туған елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Қатысушылардың барлығына дипломдар, сертификаттар мен сыйлықтар табысталады», – дейді кітапхана басшысының орынбасары.
Байқау қорытындысында үздік өнер көрсеткен оқушылар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал барлық қатысушыға ынталандыру сертификаттары табысталды. Осылайша, сайыс балалардың өлеңге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында елге деген құрмет пен жауапкершілік сезімін нығайтты.
Туған елге деген сүйіспеншілік үлкен істерден ғана емес, ана тілін құрметтеп, ұлттық әдебиетті танып, ел тарихы мен құндылықтарын бағалаудан басталады. «Туған елге тағзым» байқауы жас ұрпақты осы бағытта тәрбиелеуге арналған тағылымды шаралардың бірі болды.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

