Тәрбие жұмысы ғылыми тұрғыдан зерттеледі

Қазақстан мектептерінде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының оқушылардың құндылықтары мен мінез-құлқына әсері ғылыми әдістер арқылы зерделенеді. Зерттеу нәтижелері тәрбие жұмысын жетілдіруге бағытталмақ.

2025 жылғы ақпанда Қарағанды қаласында алғаш рет «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары марапатталды. «Ұлағатты ұстаз» атағы Теміртау қаласындағы №14 мектеп-лицейдің физика және робототехника пәндерінің мұғалімі Вячеслав Варзинге берілді. Ал «Ержүрек құтқарушы» аталымында Қарағанды қаласындағы №10 өрт сөндіру бөлімінің бастығының орынбасары Мағарби Бузуркаев жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарды анықтау кезінде олардың кәсіби жетістіктерімен қатар, жеке қасиеттері мен азаматтық ұстанымдары да ескерілді. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектебінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілді. 2025-2026 оқу жылында бағдарлама жаңартылған атаумен жалғасын тапты. Оның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына патриотизм, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық және заңға құрмет сияқты құндылықтарды сіңіру. Бағдарлама жеке пән ретінде оқытылмайды. Ол мектептегі тәрбие жұмысының ортақ жүйесі саналады. Оның аясында оқушылардың еңбек дағдыларын қалыптастыруға, экологиялық мәдениетін арттыруға, шығармашылық қабілеттері мен цифрлық сауаттылығын дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылады. Ендігі кезекте бағдарламаның тиімділігі ғылыми зерттеу арқылы бағаланады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесіп, зерттеу жүргізу әдістерін және еліміздің барлық өңіріндегі мектептерді қамту мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша ғалымдар әдістемелік ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар оқулықтардың сапасын арттыру және мектептердегі буллингтің алдын алу жолдары қарастырылады.

– Ғылыми зерттеу тәрбие жұмысының нәтижесін бағалауға, оның оқушылардың құндылықтары мен мінез-құлқына ықпалын анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу қорытындылары мектептердегі тәрбие жұмысын жетілдіруге және балалар үшін қауіпсіз, қолайлы орта қалыптастыруға бағытталады, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

«Адал азамат» бағдарламасы бойынша жүргізілетін зерттеу нәтижелері алдағы уақытта тәрбие беру тәсілдерін жетілдіруге, білім беру сапасын арттыруға және жас ұрпақтың бойында жауапкершілігі жоғары, адал азаматтық ұстанымды қалыптастыруға негіз болмақ.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»