Көк байрақ астында – бір ел, бір жүрек
Республика күні – елдігімізді ұлықтап, тәуелсіздіктің қадірін терең сезінетін, ортақ құндылықтар төңірегінде халықты біріктіретін мереке. Бұл күні Ту тұғыры алаңына жиналған қарағандылықтар көк байрақтың биікте желбіреуін тамашалап, елге деген мақтаныш сезімін бөлісті. Салтанатты шараға түрлі буын өкілдері, жастар, қоғам қайраткерлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Таңғы салқынға қарамастан, алаңға отбасыларымен келген тұрғындар көп болды. Әсіресе жастардың белсенділігі көзге түсті. Қолдарына көк туды ұстаған жұртшылық ұлттық мерекенің шынайы ықылас пен көтеріңкі көңіл күйде өтуіне үлес қосты. Қала тұрғындары үшін бұл күн – күнтізбедегі мереке ғана емес, ортақ Отанға деген құрметті сезініп, ел болашағы туралы ой түйетін ерекше сәт.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің проректоры Абай Қалықовтың айтуынша, мерекелік шараларға отбасымен қатысу жақсы дәстүрге айналып келеді. Ол жұртшылықтың мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуі өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын қалыптастыруда маңызды екенін атап өтті.
– Әр адамның өз Отанына деген мақтанышы болуы керек. Осындай мерекелік шараларға отбасымызбен келіп, елімізге, тәуелсіздігімізге және басты мерекемізге құрмет көрсету – жақсы дәстүр. Республика күні баршаңызға құтты болсын! Еліміз өркендеп, халқымыз аман болсын! – деді Абай Қалықов.
Алаңға жиналғандардың көңілін толқытқан сәттің бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімі болды. Көк байрақ биіктегенде жиналған жұртшылық Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады. Әнұранның әуені алаңды кернеп, мерекенің маңызын айшықтай түсті.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды. 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстан мемлекеттілігінің жаңғыруына жол ашқан маңызды кезең болды. Биыл ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында бұл тарихи датаға деген құрметтің мәні арта түседі.
– Республика күні – мемлекеттігіміздің, ел бірлігі мен болашақ алдындағы жауапкершілігіміздің символы. Бүгінде Қарағанды облысы еліміздің қуатты индустриялық орталықтарының бірі ретінде дамып келеді. Басты міндетіміз – қол жеткізген жетістіктерді сақтап, өңірді келер ұрпақтың игілігі үшін дамыту. Әр азаматтың құқығы қорғалып, адал еңбегі бағаланатын Әділетті Қазақстанды бірге құруымыз керек. Барша жерлестерімді Республика күнімен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, елімізге тыныштық пен өркендеу тілеймін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды – түрлі этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан өңір. Республика күні осы достық пен өзара құрметтің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Алаңға жиналған этномәдени бірлестіктердің өкілдері де мерекенің ел бірлігін нығайтудағы орнына тоқталды.
Тәжік этномәдени орталығының жетекшісі Шакарбек Норматовтың айтуынша, мерекеге отбасымен, балаларымен келген тұрғындардың қуанышы – Отанға деген сүйіспеншіліктің белгісі. Ал шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Увайс Джанаев Республика күнін егемендік, тәуелсіздік пен Қазақстан халқының бірлігін білдіретін маңызды ұлттық мереке ретінде бағалады. Оның пікірінше, елдегі татулықты сақтау – баршаға ортақ міндет.
«Бүгінгі мерекеде ең маңыздысы – еліміз бен туған жерімізді мақтан тұту. Республика күні – Қазақстан халқының егемендігін, тәуелсіздігін және бірлігін білдіретін маңызды ұлттық мереке. Елімізде әрдайым татулық пен тұрақтылық болсын», – дейді Увайс Джанаев.
Мерекенің мәнін жастар да терең түсінеді. Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының сектор жетекшісі Диас Елемес өскелең ұрпақтың қоғамдық өмірге белсенді араласуы елдің дамуына серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың бастамашылдығы мен туған елге деген жауапкершілігі болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Ту көтерілген сәттің әсерін Майқұдық мәдениет үйінің «Нұрби» ансамблінің қатысушысы Разия Фатыхова да ерекше сезіммен жеткізді. Оның сөзінше, көк байрақтың биікте желбіреуін көргенде бойды мақтаныш сезімі билейді. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артуы да ел азаматтарына қуаныш сыйлайды.
Республика күні – тарихқа тағзым етіп қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін күн. Ту тұғырындағы салтанатты рәсім қарағандылықтарға елдік рух пен ортақ мақсаттың маңызын тағы бір мәрте ұқтырды. Өңірдің қуаты – оның өндірісі мен еңбек дәстүрінде ғана емес, өзара сыйластықты сақтап, бірлікке ұмтылған тұрғындарының ынтымағында. Көк байрақ астына топтасқан жұрттың тілегі де ортақ: ел аман, жұрт тыныш болып, Қазақстанның мерейі әрдайым үстем болсын.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

