Ел дамуына үлес қосқан жандар ұлықталды

Республика күні қарсаңында Қарағанды облысының түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтарына мемлекеттік наградалар табысталды. Салтанатты рәсім Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында өтті. Жиынға еңбек ардагерлері, кеншілер, аграрийлер, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдері қатысты.

Биылғы мерекенің мәні айрықша. Республика күні ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында аталып өтіп, мемлекеттіліктің қалыптасу жолын, ел дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін тағы бір мәрте бағамдауға мүмкіндік берді. Салтанатты жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмыстың маңызын атап өтті.

«Биыл еңсемізді тіктеп, тәуелсіз ел ретінде қалыптасуымыздың маңызды кезеңдерін атап өтіп отырмыз. Өңірдің жетістігі – ең алдымен, осында тұратын азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әр салада жауапкершілікпен жұмыс істеп, елдің дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі лайықты бағалануы керек. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыруда бірлік пен ынтымақтың орны ерекше. Еліміздің өркендеуі жолындағы еңбек пен азаматтық белсенділік алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс басшысы Қазақстан Президентінің атынан мемлекеттік наградаларды табыстады. Мемлекет басшысының Жарлығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, қоғамдық қызметке үлес қосқан 40 азамат марапатқа ие болды. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, кәсіпкерлер, аграрлық сала мамандары, педагогтер, медицина қызметкерлері, спортшылар мен мәдениет өкілдері бар.

Марапат иелерінің қатарында Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Арқа Сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Байқара Сәдуақасов та бар. Ол ұлттық өнерді насихаттап, мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Байқара Сәдуақасов үшін бұл марапат – көп жылғы шығармашылық еңбектің бағалануы. Өнер жолында ұлттық музыканы дәріптеп, дәстүрлі өнердің кейінгі ұрпаққа жетуіне атсалысып жүрген азамат мәдениеттің қоғам өміріндегі орнына ерекше мән береді. Оның айтуынша, өнер – халықтың рухани байлығын сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғайтын маңызды күш.

«Бұл марапатты көп жылғы еңбегімізге берілген баға деп қабылдаймын. Өнер жолында жүрген адам үшін халықтың ықыласы мен еңбегінің еленуі үлкен қуаныш. Біз ұлттық өнерімізді дәріптеп, дәстүрлі музыканы кейінгі буынға жеткізуге тырысамыз. Мұндай марапат алдағы уақытта да жауапкершілікпен еңбек етуге жігер береді», – деді Байқара Сәдуақасов.

Ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандардың қатарында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қызметкері Наталья Ерёменко бар. Ол оқу орнында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде университеттің тыныс-тіршілігімен бірге ел өміріндегі өзгерістерді де көріп, білім беру саласының дамуына үлес қосып келеді.

Наталья Ерёменко үшін мемлекеттік награда күтпеген әрі толқынысты сәт болған.

«Бұл мен үшін тосынсый болды, сондықтан қатты толқыдым. Еңбегімді лайықты бағалағаны үшін облыс әкіміне шексіз алғысымды білдіремін», – деді Наталья Ерёменко.

Салтанатты рәсімде «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды. Екі қарағандылық мемлекеттік наградаларын Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған. Сонымен қатар үш мемлекеттік қызметшіге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ведомстволық төсбелгілері берілді.

Жиында қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық кеңестер мен кәсіподақ ұйымдарының жұмысы да атап өтілді. Бұл құрылымдар азаматтардың мүддесін қорғауға, түрлі әлеуметтік топтардың үнін жеткізуге және қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Еңбек адамын ұлықтау – қоғамның дамуына үлес қосқан азаматтарды құрметтеу ғана емес, кейінгі буынға өнеге көрсету. Әр саланың өз міндетін абыроймен атқарып жүрген мамандары елдің өркендеуіне ортақ үлес қосып келеді. Республика күніне орай өткен марапаттау рәсімі осы еңбектің қадірін тағы бір мәрте айқындады.

Салтанатты жиын өңір өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»