Шахтинск шеберлерінің шығармашылық әлемі

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде Республика күніне орай «Шахтинск квартеті» көрмесі ашылды. Экспозицияға төрт суретшінің әртүрлі техникада орындалған 40 туындысы қойылған. Ортақ шығармашылық ізденіс пен туған жерге деген сүйіспеншілік тоғыстырған шеберлер көрерменге өнердің сан қырын ұсынады.

«Шахтинск квартетінің» құрамында Жаңабек Жұмабеков, Елена Нивиденская, Ерсін Темірғалиев және Наталья Сайгушева бар. Оларды Шахтинск қаласындағы Ә.Ысмайылов атындағы балалар көркемсурет мектебіндегі ортақ жұмыс біріктіреді. Суретшілер алғаш рет 2022 жылдың күзінде бірлескен топ ретінде таныстырылып, содан бері Қазақстанның бірнеше қаласында көрмелер өткізген.

Бұл жолғы экспозицияда әр автордың өзіндік көркемдік қолтаңбасы айқын көрінеді. Бірі графикадағы жаңа тәсілдерді қолданса, енді бірі киізбен жұмыс істейді. Кескіндеме, мүсін, портрет және ұлттық тақырыптағы туындылар көрме мазмұнын байыта түскен.

Облыстық бейнелеу өнері музейінің басшысы Бибігүл Құдабаева көрмедегі жұмыстардың көркемдік ерекшелігіне тоқталып, суретшілердің түрлі материалдар мен техникаға батыл жүгінетінін атап өтті.

«Көрменің жалпы атмосферасы көрерменге ләззат, еркіндік пен азаттық сезімін сыйлайды. Кең-байтақ даламызды, асқар тауларымызды, ұлан-ғайыр Отанымыздың кеңдігін сезінесің. Суретшілердің әртүрлі техника қолданғаны да қуантады. Киіздің жылылығы әрдайым баурап алады, ал бүгінгі жарқын, бояуы қанық жұмыстар қиялға қанат бітіреді», – дейді Бибігүл Құдабаева.

Көрмеге қойылған туындылардың әрқайсысы өзіндік тарихымен ерекшеленеді. Жаңабек Жұмабеков силикон материалын пайдаланып, графикадағы авторлық техникасын қалыптастырған. Елена Нивиденская киізден картина жасайды. Ерсін Темірғалиев мүсін және кескіндеме саласында еңбек етіп, шығармаларында Отан бейнесі мен «Алаш» қайраткерлерінің тақырыбына жиі жүгінеді. Ал Наталья Сайгушева графит қарындашпен сурет салумен қатар, ыстық батик техникасын қолданады.

Наталья Сайгушеваның көрмеге ұсынған жұмыстарының бірі – «Присутствие» («Қатысу») деп аталады. Суретшінің айтуынша, бұл туындының идеясына археологиялық қазба кезінде табылған Күлтегін мүсінінің басы түрткі болған. Тарихи жәдігердің сақталған бөлігі арқылы автор өткеннің бүгінгі күнмен байланысын көрсетуге тырысқан.

«Менің алғашқы жасаған туындыларымның бірі – «Присутствие» деп аталатын жұмыс. Оның идеясы археологтардың қазба кезінде кездейсоқ тапқан Күлтегін мүсінінің басынан туындады. Мүсіннің өзі сақталмаған, тек басы ғана жеткен екен. Осы жұмыс арқылы тарихтың бізге өте жақын екенін, кейде оның дәл қасымызда тұрғанын байқамай қалатынымызды көрсеткім келді. Өткенге тереңірек үңілсек, ол өзінің ауқымымен және терең символдық мағынасымен таңғалдырады. Бұл туынды кейінгі шығармаларыма да шабыт берді», – дейді Наталья Сайгушева.

Көрме идеясын ұсынған – Ерсін Темірғалиев. Республика күніне орайластырылған экспозицияда Қазақстан тақырыбы ерекше орын алады. Туған жердің табиғаты, ұлттық тарих, елдің рухани мұрасы мен болашағы суретшілердің шығармашылық ізденістерінен көрініс тапқан.

«Жалпы, бұл көрме туған жеріміздің табиғатын, тарихын, адамдарын және болашағын көрсетуге арналған. Біз әрқайсымыз өзімізге тән көркемдік тәсілмен жұмыс істейміз. Біріміз мүсінге, екіншіміз кескіндемеге немесе басқа техникаға басымдық береміз. Бірақ бәрімізді біріктіретін ортақ тақырып бар. Ол – туған жерге деген сүйіспеншілік пен Қазақстанның мәдени кеңістігін өнер арқылы таныту», – дейді Ерсін Темірғалиев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің тағы бір ерекшелігі – квартет мүшелерінің бір-бірінің барлық туындысын алдын ала көре бермейтіні. Сондықтан экспозицияның ашылуы суретшілердің өздері үшін де жаңа жұмыстармен танысуға мүмкіндік берген.

«Шахтинск квартеті» көрмесі 1 қарашаға дейін жалғасады. Қарағандылықтар мен қала қонақтары төрт суретшінің шығармаларын тамашалап, әрқайсысының өзіндік әлемімен таныса алады. Бұл экспозиция – өнердің ортақ идея төңірегінде тоғысып, туған жердің тарихы мен рухын әртүрлі көркемдік тіл арқылы жеткізе алатынын көрсететін шығармашылық жоба.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»