«Өнерге өрілген ғұмыр» – Әбуғалисын Шоқанбаевтың шығармашылық кеші
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, талантты дирижер Әбуғалисын Шоқанбаев 70 жасқа толды!
Осыған орай, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мерейтой иесін арнайы қабылдап, облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Бұл – маэстроның ел өнеріне қосқан өлшеусіз үлесінің, ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегінің жоғары бағалануы.
Әбуғалисын Шоқанбаев – Арқа топырағынан шыққан талант иесі. 40 жылға жуық уақыт бойы өнер саласында шәкірт тәрбиелеп, қазақ музыкасының өркендеуіне зор үлес қосып келеді.
Мерейтойға орай 1 ақпанда Қарағанды қаласының «Шалқыма» концерт залында «Өмірім – өнер әлемі» атты шығармашылық кеш өтті. Шара барысында Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі өнер көрсетіп, Әбуғалисын Шоқанбаевтың жетекшілігімен орындалған шығармалар кештің сәнін арттырды. Кештің басты мақсаты – маэстроның өнер жолындағы жетістіктерін насихаттау, оның оркестрге өңдеген күйлерін көпшілікке кеңінен таныстыру болды.
Ұзақ жылдар бойғы еңбегімен ұлттық өнердің абыройын асқақтатқан, өз ісіне адал, ізденімпаз маэстромызды мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, отбасылық береке, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»