Үміт сыйлаған ота: жеті балаға жаңа мүмкіндік

Қарағандыда жүйке жүйесінің ауруларымен қатар жүретін аяқ басының күрделі деформациясы бар жеті балаға ота жасау жоспарланды. Бұған дейін мұндай диагнозы бар кішкентай пациенттерге хирургиялық ем жүргізу үлкен тәуекел саналып келсе, енді жергілікті дәрігерлер Ярославльден келген профессордың тәжірибесін меңгеріп, жаңа әдісті игеруге мүмкіндік алды. Шеберлік сабағы аясында балаларға ота жасалып, қарағандылық мамандар күрделі хирургиялық тәсілдің қыр-сырын үйренуде.

Саран қаласының тұрғыны Любовь Величко 12 жастағы ұлы Сережаны отаға әкелген. Бала екі аяғының туа біткен қисықтығымен дүниеге келген. Бұған қоса, оның медициналық тарихында микроцефалия мен эпилепсия диагноздары бар. Осы ерекшеліктерге байланысты дәрігерлер бұған дейін хирургиялық ем жасауға тәуекел етпеген. Аяқ басын біртіндеп түзетуге бағытталған ем тәсілдері де ұстамалардың салдарынан қиындық туғызған.

– Ең болмаса бір аяғын түзетуге бір дәрігер тәуекел етсе екен деп, осы мүмкіндікті ұзақ күттік. Көптеген медициналық тексеруден өттік, түрлі маманға қаралдық. Бірақ диагнозымызға байланысты дәрігерлердің бәрі ота жасауға қорқатын. Биыл осы ауруханадағы ортопедтің қабылдауында болып, бізге шеберлік сабағына қатысуды ұсынды. Біз көп ойланбастан бірден келістік. Ұлымның жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз, – дейді Любовь Величко.

Мұндай пациенттерге көмектесу үшін Қарағандыға Ярославль мемлекеттік медицина университетінің Педиатрия және репродуктивті денсаулық институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, травматолог-ортопед Максим Вавилов келді. Профессор жергілікті мамандармен бірге аяқ басының деформациясын түзетуге бағытталған операцияларды орындап, аз инвазивті хирургиялық әдістерді көрсетті.

– Біз кішкентай тіліктер арқылы күрделі хирургиялық ота жасап, аяқ басындағы бұлшықеттер арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге мүмкіндік алдық. Хирургиялық араласудың барлығы бір сантиметрлік, тіпті жарты сантиметрлік тіліктер арқылы жүргізілді. Қан жоғалту көлемі өте аз болды. Мұндай тәсіл балалардың операциядан кейінгі қалпына келуіне қолайлы жағдай жасайды, – дейді Максим Вавилов.

Мамандардың айтуынша, жүйке жүйесінің аурулары аяқ басының деформациясын емдеуді күрделендіреді. Сондықтан әр баланың жағдайы жеке бағаланып, хирургиялық араласудың мүмкіндігі мен ықтимал тәуекелдері ескеріледі. Профессордың сөзінше, ота жасалып жатқан балалардың көпшілігі бұған дейін бірнеше рет хирургиялық ем қабылдаған.

Көпсалалы облыстық балалар ауруханасында ұйымдастырылған шеберлік сабағы екі күнге жоспарланған. Осы уақыт аралығында осындай күрделі диагнозы бар жеті балаға ота жасау көзделген. Олардың арасында Алматыдан арнайы келген пациент те бар. Барлық операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізіліп, ата-аналар үшін тегін болады.

Бұл бастама балалар хирургиясы саласындағы тәжірибе алмасуға да жол ашады. Қарағандылық дәрігерлер профессордан үйренген әдістерді алдағы уақытта өз тәжірибесінде қолдануды көздеп отыр. Бұл күрделі ортопедиялық мәселелері бар балаларға мамандандырылған көмекті өңірдің өзінде алуға мүмкіндік бермек.

Туа біткен аяқ басы деформацияларының кейбір түрлері сирек кездескенімен, жалпақтабандылық пен аяқ басының басқа да өзгерістері халық арасында жиі ұшырасады. Дегенмен олардың барлығы бірдей операцияны қажет етпейді. Емдеу тәсілі деформацияның түріне, оның ауырлығына және баланың жалпы денсаулық жағдайына қарай таңдалады.

Мамандардың түсіндіруінше, егер аяқ басының деформациясы жүйке жүйесінің ауруларымен асқынбаған болса, тиісті емнен кейін баланың қимыл-қозғалыс мүмкіндігі айтарлықтай жақсаруы ықтимал. Ал күрделі диагноздары бар балалар үшін мұндай операциялар өздігінен жүруге және күнделікті өмірге белсендірек араласуға мүмкіндік беретін маңызды қадам болуы мүмкін.

Қүралай ӘЛЖАППАР,

«QH»