Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа әлеуметтік жоба іске қосылды
Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік жоба жүзеге асырыла бастады. 1 шілдеден бастап өңірде оңалтудың техникалық құралдарын жөндеу мен уақытша алмастырудың жаңа сервистік моделі пилоттық режимде енгізілді. Жоба арба немесе өзге де оңалту құралдары істен шыққан жағдайда азаматтардың ұзақ уақыт көмексіз қалмауына мүмкіндік береді.
Қанатқақты жоба еліміздің үш өңірінде – Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында қолға алынғанымен, оның алғашқы кезеңін іске асыруда Қарағанды қаласының тәжірибесіне ерекше мән беріліп отыр. Жоба өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының үйлестіруімен жүзеге асырылуда.
Бұл бастама Қазақстанның 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында қолға алынып отыр. Оның негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, техникалық оңалту құралдарының үздіксіз пайдаланылуын қамтамасыз ету.
Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси жаңа сервистік модель азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
– Бұл пилоттық жоба ең алдымен мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа жүйе бұрыннан қалыптасқан оңалту құралдарын алу тәртібін өзгертпейді. Азаматтар пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін бұрынғыдай Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралды өздері таңдай алады. Ал егер арба немесе басқа техникалық құрал мерзімінен бұрын істен шықса, әлеуметтік-техникалық сараптама жүргізіліп, жөндеу қажеттілігі анықталады. Осы уақыт ішінде азаматқа айырбастау қорынан дәл сондай құрал тегін әрі уақытша пайдалануға беріледі. Егер құралды қалпына келтіру мүмкін болмаса немесе ол адамның жеке ерекшеліктеріне сәйкес келмесе, оны белгіленген мерзімнен бұрын ауыстыру мәселесі қарастырылады. Бұл – ерекше қажеттілігі бар жандардың күнделікті өмірінде қозғалыс мүмкіндігін тоқтатпай, әлеуметтік қолдауды барынша қолжетімді етуге бағытталған жаңа қадам, – деді Сырым Нәси.
Жаңа модель бойынша оңалтудың техникалық құралдарын алу тәртібі өзгермейді. Дегенмен, құрал бұзылған жағдайда оны жөндеу жүйесі жаңаша ұйымдастырылады. Мамандар алдымен әлеуметтік-техникалық сараптама жүргізіп, жөндеу көлемін анықтайды. Жеңіл ақаулар бес жұмыс күні ішінде қалпына келтірілсе, күрделі жөндеу жиырма жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.
Ең маңызды жаңалық – осы уақыт ішінде азаматтарға айырбастау қорынан дәл сондай техникалық құрал уақытша әрі тегін беріледі. Бұл олардың күнделікті қозғалысына, оқуына, жұмысына немесе қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтірмеуге мүмкіндік береді.
Ал егер жөндеу жұмыстары нәтиже бермесе немесе техникалық құрал пайдаланушының дене ерекшелігіне сәйкес келмесе, жаңа құралды белгіленген мерзімнен бұрын алу мүмкіндігі қарастырылады.
Жобаның тиімділігін ерекше қажеттілігі бар баланың қамқоршысы Жанар Нақбасынова да жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұған дейін арба бұзылған жағдайда ұзақ уақыт күтуге тура келетін болса, жаңа жүйе бұл мәселені едәуір жеңілдетеді. Сондықтан ол мұндай мүмкіндікті басқа ата-аналарға да пайдалануға кеңес береді.
Қарағанды қаласының тұрғындары қызметті алу үшін Ұлттық ғылыми орталықтың Роза Люксембург көшесінде орналасқан филиалына жүгіне алады. Мұнда әлеуметтік-техникалық сараптама комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия құрамына реабилитологтар, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласының мамандары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері енген.
Пилоттық кезеңде жоба кресло-арбалардың және жүруге арналған тіректердің барлық түрін қамтиды. Болашақта бұл сервистік модельді оңалтудың басқа да техникалық құралдарына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Мамандардың пікірінше, жаңа жүйе техникалық құралдарды жөндеу мерзімін қысқартып қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттырады. Ең бастысы – олар қажетті құралын ұзақ күтпей, қалыпты өмір салтын жалғастыруға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесінің бірі болмақ.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

