«Күміс жас» – еңбекке қайта оралуға мүмкіндік
Қарағанды облысы «Күміс жас» бағдарламасына қатысушылар саны бойынша еліміздегі үздік үш өңірдің қатарына енді. Жоба аясында өңір кәсіпорындарына зейнеткерлік жасқа жақындаған 1 093 адам жұмысқа орналасты. Бұл бастама аға буын өкілдерінің еңбек нарығындағы белсенділігін сақтауға, тәжірибесін тиімді пайдалануға және тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы тоғыз айда республика бойынша 10 мыңнан астам адам «Күміс жас» бағдарламасына қатысты. Жоба әсіресе әйелдер мен ауылдық жерлерде тұратын азаматтар арасында сұранысқа ие. Бағдарлама 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Бастаманың негізгі мақсаты – 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарға жұмыс табуға көмектесу ғана емес, олардың еңбек нарығына қайта оралуына және тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау. Жасы ұлғайған сайын жаңа жұмыс іздеу қиындай түсуі мүмкін. Ал жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен кәсіби дағды көптеген кәсіпорын үшін маңызды ресурс саналады. Осы тұрғыдан алғанда, «Күміс жас» бағдарламасы жұмыс берушілер мен тәжірибелі мамандардың мүддесін ұштастырады.
Жоба әлеуметтік қолдаудың пәрменді тетіктерінің бірі ретінде азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Жұмысқа орналасу адамның табыс табуына ғана емес, қоғам өміріне белсенді араласуына, кәсіби дағдыларын сақтап, жаңа ортаға бейімделуіне де ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіпорындар тәжірибелі қызметкерлерді жұмысқа тартып, өз саласындағы білім мен машықтың сабақтастығын қамтамасыз ете алады.
Бағдарламаға Мансап орталықтарында тіркелген, жасы 50-ден асқан жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгініп, бағдарламаға қатысу шарттары мен қолжетімді жұмыс орындары туралы кеңес алу қажет.
Қарағанды облысында «Күміс жас» жобасы аясында мыңнан астам азаматтың жұмысқа орналасуы өңірдегі жұмыспен қамту шараларының маңызын көрсетеді. Мұндай бастамалар еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейтіп, аға буынның әлеуетін сақтауға және азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

