Ерлікке тағзым – ұрпаққа аманат
Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған естелік бұрыш ашылды. Тағылымды шараның мақсаты – Отан алдындағы борышын өтеп, ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсеткен азаматтардың есімін ұлықтау және тарихи оқиғаларды жас ұрпақтың жадында сақтау.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Тәжікстанда азаматтық соғыс басталып, аймақтағы жағдай күрделене түсті. Қарулы топтардың белсенділігі артып, шекара арқылы қару-жарақ пен есірткінің заңсыз тасымалдану қаупі күшейді. Осыған байланысты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер сыртқы шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар қабылдады. Бұл міндетті орындауға қазақстандық әскери қызметшілер де тартылды.
1992 жылдан бастап қазақстандық сарбаздар тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеді. Олардың міндеті шекара бекеттерінің қауіпсіздігін күшейту, қарулы топтардың заңсыз өтуіне тосқауыл қою және қару-жарақ пен есірткі тасымалының жолын кесу болды. Қызмет күрделі жағдайда өтіп, көптеген жауынгер үшін ауыр сынаққа айналды. Осы миссия барысында 46 қазақстандық әскери қызметші қаза тапты.
Қайғылы оқиғалардың бірі 1995 жылғы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында болды. Сол шайқаста 17 жауынгер қаза тауып, 33-і жараланды. Бұл оқиға тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген қазақстандық сарбаздардың басынан өткерген қиындықтары мен ерлігін еске салатын тарихи кезеңдердің бірі болып қалды.
Естелік бұрыштың ашылу салтанатында сол жылдардағы оқиғалар мен жауынгерлердің қызметі туралы Қарағанды облыстық «Өзге мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Испаев баяндады.
Қазақстандық әскери қызметшілердің тәжік-ауған шекарасындағы миссиясы 2001 жылғы 8 ақпанда аяқталды. Осы жылдар ішінде мыңдаған сарбаз күрделі жағдайда өз міндетін атқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосты.
– Бүгін біз тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан жауынгерлерге арналған естелік бұрыштың ашылуына орай Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжіне келдік. Мұндай бастамалар жас ұрпақты тәрбиелеуге, олардың бойында патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті және Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Жауынгерлердің ерлігін ұмытпай, олардың тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет. Бұл жастарға әскери қызметтің қиындығын, бейбіт өмірдің қадірін және ел қорғаудың маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Естелік бұрыштың ашылу салтанатында колледж бен әскери қауымдастық өкілдері өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деді Қарағанды облысының білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Мадина Дуанбекова.
Келісім аясында әскери қызметшілер студенттермен кездесулер өткізіп, армиядағы өмір, әскери тәртіп, Отан қорғау және жауынгерлік жағдайда әрекет ету ерекшеліктері туралы әңгімелейді. Мұндай кездесулер жастардың әскери қызмет жөніндегі түсінігін кеңейтіп, ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Колледжде ашылған естелік бұрыш оқу орнындағы тәрбие жұмысының маңызды бөлігіне айналмақ. Экспозиция студенттерге өткен тарихты тереңірек танып, әскери борышын абыроймен атқарған азаматтардың ерлігін бағалауға мүмкіндік береді.
Ерлікке тағзым ету – өткенді еске алу ғана емес, бейбітшіліктің қадірін түсініп, ел алдындағы жауапкершілікті сезіну. Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде ашылған естелік бұрыш осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, жауынгерлер рухына құрмет көрсетуге бағытталған тағылымды бастама болды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

