БҮЛДІРШІНДЕР АУЛАДА ЖҮРІП-АҚ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНА АЛАДЫ

Қарағанды облысының бүлдіршіндері енді үйден ұзамай, аулада жүріп –ақ кәсіби спортпен шұғылдана алады. Тіпті оларды жаттықтыру үшін шетелдерден мықты бапкерлер шақыртылмақ. Бұл спорт комитетінің бастамасымен құрылған «Aulafit» бағдарламасының нәтижесі.

AulaFit – спорт өз аулаңда деп аталатын жаңа жоба. Бокстан олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің қолдауымен жүзеге асқан. Осылайша, қазақстандықтар өз аулаларында кәсіби жаттықтырушылармен ақысыз негізде спортпен шұғылдану мүмкіндігіне ие болды.

Мәселен, Қарағанды облысының Осакаров ауданында аула футболын Нигериядан келген легионер жаттықтырып жүр. Самуэль Обинна жаттығуы қызықты өтетіні сонша, бүлдіршіндер ойын алаңынан шықпайды екен. Бірбірін ыммен-ақ түсінеді. Жаттығуға тек жастар емес, зейнеткерлер де келіп жүр. Олар да қарадомалақ баланың айтқанын екі етпейді.

— Жаттықтырушының келгеніне біраз болды. Бәріміз зор құлшыныспен қатысамыз. Енді ауладағы алаңға жасыл газон төсеме жайып берсе жақсы болар еді. Осында күнде дайындалып, мықты спортшы болуға болар еді, — дейді ауладағы ойын баласының бірі Аманбол Иманбайұлы.

Ал, жаттықтырушының өзі болса мұнда тек демеушілер есебінен шақырылған. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен 45 мың теңге көлемінде айылық тұрақталыпты. Тұрғылықты жері мен тамағын кәсіпкердің бірі өз мойнына алған.

— «Аулафит» бағдарламасы керемет жоба екен. Мен балалар арасындағы футболды дамыту мақсатында арнайы келіп, жаттығу жүргізіп жүрмін. Біздің елде мұндай мүмкіндік жоқ. Өзім бірінші лигада ойнаймын. Білгенімді балаларға үйретсем деймін. Бір қызығы тек балалар емес, зейнеткерлер де келіп жаттығып жүр» — дейді жаттықтырушы.

Шетелдік бапкер аудандағы дене шынықтыру сауықтыру орталығы мен 5 бірдей ауладағы алаңға жаттығу кестесін қойып алған. Бұқаралық спорт қолжетімді.

«Aulafit» бағдарламасының үйлестірушісі Әлия Оспанова.

— Жобаның мақсаты қол жетімді спортты дамыту. Мысалы үйде отырған аналар, зейнеткерлер балалары мен немерелерін жетектеп ауданның бір жағынан енді бір жағына баруының қажеті жоқ. Кәдімгі аулада да дайындала беруге болады. Қазірдің өзінде футбол нәтижелі болып, облыстық жарыстарда жүлделі орындар ала бастадық- дейді үйлестіруші.

Бағдарлама аясында ауданда алдағы уақытта қазақ күресі, каратэ, тоғыз құмалақ, ауыр атлетика мен велоспорт үйірмелері ашылмақ. Оған да мықты бапкерлер тартылады. Ал, жоба нәтижелі болса кейін облыстың өзге өңірлерінде де жалғасын табады.