Қазақстан армиясы екі кезеңді әскери қызмет моделіне көшеді
Қазақстанда Қарулы Күштерді жаңғырту жоспары бекітілді. Реформаның негізгі жаңалығы – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді моделін енгізу.
Жаңа жүйеге сәйкес, алғашқы алты айда сарбаздар оқу орталықтарында әскери даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік дайындыққа және бөлімше құрамында тапсырмаларды орындауға басымдық беріледі.
Сонымен қатар әскери консультанттар институтын және әскери қызметшілердің құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру жоспарланған. Бұдан бөлек, жарғыдан тыс қарым-қатынастардың алдын алу және әскери тәртіпті нығайту шаралары күшейтіледі.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясы қабылданатынын хабарлады. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты негізінде әскери қызметшілер арасындағы тәрбие жұмысының сапасын арттыру көзделіп отыр.
Жоспарда қарастырылған ұйымдастырушылық шараларды биылғы жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған.

