Қарағандылық майдангер 101 жасын атап өтті
Қарағанды қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Ефимовна Шинкевич 101 жасқа толды. Қарт майдангерді мерейтойымен құттықтауға Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері және әскери қызметкерлер арнайы келді.
Құттықтау барысында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, полковник Қайрат Тәттекенов ардагерге жылы лебізін білдіріп, оның ерлігі мен өмір жолының өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін атап өтті.
Мария Ефимовна 1925 жылдың 13 сәуірінде Қарағанды облысы Ростовка ауылында дүниеге келген. 1944 жылы, небәрі 19 жасында әскер қатарына шақырылып, Мәскеу Бас әскери мектебінің жанындағы әйелдер мергендер мектебінде білім алған. Кейін 1945 жылдың тамызына дейін 3-ші Белорусь және Украина майдандарында мерген ретінде шайқастарға қатысып, Жеңісті Прага қаласында қарсы алған. Ардагер ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков атындағы медальмен, сондай-ақ «Украинаны азат еткені үшін» марапатымен және бірқатар жауынгерлік алғысхатпен марапатталған. Соғыстан кейін ол елді қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласқан. Өз естеліктерімен бөліскен Мария Ефимовна туған күннің өміріндегі ең ерекше күндердің бірі екенін айтып, соғыс жылдарын тебірене еске алды.
– Біз Жеңістің келетініне сендік, соны күттік. Жастарға айтарым – үнемі еңбек етіп, қозғалыста болу керек, үлкендерді құрметтеп, айналаңа үлгі бола білу қажет, – дейді ардагер.
Полковник Қайрат Тәттекенов ардагердің ерлігіне тағзым етіп, оның соғыс жылдарындағы және бейбіт өмірдегі еңбегі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. «Сіздер сияқты батырлардың арқасында біз бейбіт аспан астында өмір сүріп отырмыз», – деді ол.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

