Қарағанды қиылыстарында жол ережесін бұзуды тіркейтін кешендер іске қосылды

Қарағандыда 23 қазаннан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркейтін «Argus-перекрёсток» аппараттық-бағдарламалық кешендері жұмыс істей бастады.

Полиция басқармасының мәліметінше, жаңа жабдықтар екі қиылысқа орнатылған. Олар – Кеншілер және Республика даңғылдарының, сондай-ақ Гоголь және Гудермес көшелерінің қиылыстары.

Кешендер екі түрлі құқық бұзушылықты анықтайды: тоқтау сызығынан өту және бағдаршамның тыйым салынған сигналына қарамастан қозғалысты жалғастыру. Жүйе ереже бұзушылықтарды полиция қызметкерлерінің тікелей қатысуынсыз автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді.

Жаңа технологияны енгізудегі мақсат – жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттырып, қиылыстарда болатын жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол таңбалары мен бағдаршам сигналдарының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.