Қарағанды экологиясы: ластану деңгейі және тазалыққа бағытталған шаралар
Қарағанды қаласында экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Алайда атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемі, су нысандарындағы ластану деректері мен қалдықтарды басқару мәселесі әлі де өзекті. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында ауаға 293,7 мың тонна ластаушы зат шығарылып, су нысандарында жоғары ластанудың 31 жағдайы тіркелген. Бұл туралы экологиялық мониторинг қорытындысында айтылған.
Есепті кезеңде атмосфераға тараған ластаушы заттардың көлемі 293,7 мың тоннаны құраса, суға төгілген қалдықтар көлемі 79,03 мың тоннаға жеткен. Ал орналастырылған қалдықтардың жалпы көлемі 21,9 миллион тоннаны құрады. Мамандардың мәліметінше, соңғы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген. Сонымен қатар кәсіпорындар табиғатты қорғау шараларына 1,4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген.
Қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту үшін өндіріс орындарының қызметін бақылау және экологиялық талаптардың сақталуын қадағалау маңызды. Осы бағытта тоғыз ай ішінде экология департаменті 113 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 267 әкімшілік хаттама толтырылып, заңбұзушылықтар үшін жалпы сомасы 268,6 миллион теңге айыппұл салынған. Оның 218,7 миллион теңгесі өндірілген.
Анықталған кемшіліктерді жою үшін жауапты мекемелер мен тұлғаларға 188 ұйғарым беріліп, оның 169-ы орындалған. Бұдан бөлек, қоршаған ортаға әсерді бағалау, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу және экологиялық рұқсаттар беру бағытында 752 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сондай-ақ кәсіпорындарға 14 кешенді экологиялық рұқсат берілген.
Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық қалдықтарды ретсіз тастау және заңсыз қоқыс орындарының пайда болуы. Есепті кезеңде анықталған 525 рұқсатсыз қоқыс орнының 517-сі жойылған. Бұл жалпы көлемнің 98,5 пайызына тең. Қалған сегіз орын бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Қалдықтарды басқару талаптарын орындамағаны үшін жергілікті атқарушы органдардың 10 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екі миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар қоқыс жиналатын аумақтарға бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілген. Мұндай шаралар заңсыз қоқыс төгу деректерінің алдын алуға және жауапты тұлғаларды анықтауға бағытталған.
Атмосфералық ауаның сапасын бақылау жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Тоғыз айда мамандар 4 294 сынама алып, 9 392 зертханалық талдау жасаған. «Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, осы кезеңде ауадағы жоғары ластанудың 232 жағдайы тіркелген. Ал су нысандарында жоғары ластанудың 31 жағдайы анықталған. Тіркелген деректер бойынша тиісті бақылау шаралары жүргізілген.
Өнеркәсіп орындарының шығарындыларын бақылау мақсатында кәсіпорындарға автоматты мониторинг жүйелерін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта сегіз кәсіпорында мұндай жүйелер орнатылған, тағы екеуінде ішінара енгізілген. Қалған екі кәсіпорында жүйелерді орнату жоспарланған. Автоматты бақылау құралдары өндіріс орындарынан тарайтын шығарындылар туралы мәліметтерді қадағалауға мүмкіндік береді.
Ауа сапасына автокөліктердің де әсері бар. Осыған байланысты «Таза ауа» акциясы аясында полиция қызметкерлерімен бірлесіп тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 71 көлік қаралып, оның 10-ында түтін шығару нормаларының асып кеткені анықталған.
Экологиялық жағдайды жақсарту тек мемлекеттік бақылау мен өндірістік кәсіпорындарға қойылатын талаптарға ғана байланысты емес. Қала тазалығын сақтау, қалдықтарды белгіленген орындарға тастау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру да маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында оқу орындарында 50-ден астам кездесу мен ағартушылық шара ұйымдастырылған.
Жалпы облыстық сенбілікке 25 мыңнан астам тұрғын мен 1 700-ден астам ұйым қатысқан. Қатысушылар сегіз мың гектардан астам аумақты тазалап, бес мың тоннаға жуық қалдық шығарған. Сонымен бірге 144 рұқсатсыз қоқыс орны жойылып, 500 ағаш отырғызылған. Ал World Cleanup Day халықаралық акциясы кезінде 70 тоннадан астам қоқыс жиналған. Өңірде көгалдандыру жұмыстары мен экологиялық байқаулар да өткізілген.
Экология департаменті алдағы уақытта мемлекеттік бақылауды күшейтіп, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайтуға, заңсыз қоқыс орындарын жоюға және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырмақ.
Жалпы, жүргізілген тексерулер, тазалық акциялары мен қалдықтарды басқару шаралары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі саналады. Дегенмен ауадағы жоғары ластану жағдайлары мен жойылмаған заңсыз қоқыс орындарының болуы экологиялық қауіпсіздік мәселесіне тұрақты назар аудару қажеттігін көрсетеді. Қала тазалығы мен табиғи ортаның сапасын жақсарту үшін мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың және тұрғындардың бірлескен әрекеті қажет.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

