Адамға қолдау көрсету – әлеуметтік саланың басты миссиясы
Қарағандыда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай сала мамандарына құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында халықтың әл-ауқатын жақсартуға, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуге және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға үлес қосып жүрген мамандар облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығымен және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.
Бұл мерекелік шара бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері, қоғамдық және қайырымдылық ұйымдарының мүшелері қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген мамандардың қызметін бағалап, олардың тәжірибесі мен жауапкершілігін дәріптеу.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.
– Бүгінде облысымыздың әлеуметтік қорғау саласында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Күн сайын сіздерге мыңдаған тұрғын жүгінеді. Сіздердің көмектеріңізбен азаматтарымыз жұмыс тауып, жәрдемақы мен оңалту қызметтерін алып, өмірдегі қиын жағдайларын шешуге мүмкіндік алады. Сіздерге жүгінген әрбір адамның артында тағдыр мен отбасы тұр, – деді Ораз Тәуірбеков.
Оның айтуынша, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды, ал кедейлік деңгейі 3 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер облыста жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстың маңызын айқындайды.
Әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері күн сайын түрлі жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істейді. Бірі жұмыс іздеген азаматқа бағыт-бағдар берсе, енді бірі жалғызбасты қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға немесе тұрақты күтімді қажет ететін жандарға көмек көрсетеді. Сондықтан бұл мамандық кәсіби біліммен қатар, сабырлылықты, жауапкершілікті және адамға жанашырлықпен қарауды талап етеді.
Биыл облыс әкімінің сыйлығы 10 аталым бойынша табысталды. «Үздік әлеуметтік қызметкер» аталымына Ақтоғай ауданының үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 26 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Бақытгүл Абдрасилова лайық деп танылды. Ол күнделікті жұмысында көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетіп, әлеуметтік қызметтің қолжетімді болуына үлес қосып жүр.
Марапат иесі еңбегінің еленгеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Бүгінгі марапатқа ие болып отырғаныма қуаныштымын. Еңбегіміз бағаланып, облыс әкімінің марапатына ие болып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Рақмет! – деді Бақытгүл Абдрасилова.
Салтанатты жиында әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің жұмысы да назардан тыс қалмады. «Әлеуметтік қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым» аталымы Теміртаудағы «Мейірім» жеке мекемесіне берілді. 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйым тұрақты күтімді қажет ететін жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Осы уақыт ішінде мекеме 12 мыңнан астам адамға көмек берген.
Балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Дарын Аубакиров «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік қызметкері» аталымымен марапатталды. Оның басшылығымен мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту, оңалтудың заманауи әдістерін енгізу және қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Мерекелік марапаттар қатарында әлеуметтік қолдаумен бірге белсенді өмір салтын насихаттап жүрген азаматтардың жетістіктері де аталды. «Рухы биік тұлға» аталымына Саран қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушісі, параспорт чемпионы Айгүл Балмағамбетова ие болды. Ол 2016 жылдан бері халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап келеді. Спортшы халықаралық турнирлер мен Азия чемпионатында алтын медаль иеленіп, әлемдік жарыстарда бірнеше мәрте қола жүлдеге қол жеткізген. Сондай-ақ 2024 және 2025 жылдары параби бойынша Қазақстан чемпионаттарында топ жарған.
Ал «Жомарт жүрек» аталымы «ARMAN-ASU» мүгедектігі бар адамдар қоғамының жетекшісі Елдар Егінбаевқа табысталды. Ол оңалтудың кешенді әдістерінің бірі – иппотерапия бойынша сабақтар өткізіп, ерекше қолдауды қажет ететін азаматтардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосып жүр.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін, халықты жұмыспен қамтуға және белсенді өмір салтын қалыптастыруға атсалысатын мамандар да марапатталды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомстволық наградалары салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан бірқатар маманға берілді. Олардың қатарында 1993 жылдан бері облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында еңбек етіп жүрген Майраш Оспанова да бар. Ол «Еңбек ардагері» наградасымен марапатталды.
Әлеуметтік қорғау саласының маңызы тек жәрдемақы тағайындау немесе қызмет көрсетумен шектелмейді. Бұл – адамға қиын сәтте демеу болып, қоғамға бейімделуіне, еңбекке араласуына және өмірге деген сенімін сақтауға көмектесетін маңызды бағыт. Сала мамандарының күнделікті еңбегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Мерекелік жиын осы жауапты міндетті атқарып жүрген мамандарға алғыс білдіріп, олардың еңбегін қоғам алдында бағалауға мүмкіндік берді. Әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігі, ең алдымен, адамға көрсетілген қамқорлық пен нақты көмектен көрінеді. Сондықтан бұл салада еңбек ететін әр маманның кәсібилігі мен жанашырлығы ерекше мәнге ие.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

