Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ұдайы орнықты даму бағдарын ұстанып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ең әуелгі міндет экономиканы және саяси бағытты жаңа талаптарға дер кезінде бейімдеу екеніне тоқталды.

– Сыртқы конъюнктураның қолайсыздығына қарамастан, Қазақстан экономикасы былтыр 6,5 пайызға өсті. Елдегі ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард долларлық межеден асты. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрады. Осы экономикалық табыстарға негізінен саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жалпыұлттық тарихи референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық, бұл құжат қазірдің өзінде халықтық Конституция ретінде танылды. Негізгі заңның бүгінгі отырыс қарсаңында күшіне енуі символдық мәнге ие. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент халықаралық бизнес үшін тартымды заманауи институционалдық орта қалыптасқанына назар аударды. Сондай-ақ инвестициялық рәсімдерді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды.

– Инвестициялық штаб қызметі жедел шешім қабылдауға және инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Бизнеске институционалдық кепілдіктермен бірге ұзақмерзімді нақты ынталандыру тетіктерін ұсынамыз. Бүгінде шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері қарастырылған Altyn Visa бағдарламасының артықшылығын пайдалана алады. Дегенмен біз мұнымен ғана шектелмейміз. Алдымызда ауқымды жұмыс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Президент жасанды интеллект жаһандық дамудың қозғаушы күшіне айналады деп санайды.

– Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды интеллект технологияларына мән беру – аса маңызды басымдық. Бұл қайталанбалы үдерістерден арылып, «ақылды сүзгі» қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы инвесторларға жедел, нақты әрі тиімді қызмет көрсетіледі. ЮНКТАД болжамы бойынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайды. Аталған көрсеткіштің ондаған жыл ішінде шамамен 25 есе ұлғаюы жаһандық экономикадағы жасанды интеллектінің рөлі артып келе жатқанын байқатады. Еліміз осы бағытты белсенді қолға алуға ниетті. Былтыр халыққа арнаған Жолдауымда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2026 жыл Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне ден қоямыз. Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы әр адамның дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Институционалдық негізді нығайту үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Сонымен қатар Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғаш рет озық технологиялар негізінде екі суперкомпьютерді сәтімен іске қосты.

– Инвестицияларға цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында Парламентте қабылданған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды. Бұдан бөлек, Қазақстанның цифрлық экономикасының негізгі элементтерінің бірі саналатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның адами капиталды дамытуға дәйекті түрде инвестиция құйып отырғанын мәлімдеді. Alem.ai халықаралық орталығында TUMO және Tomorrow School жаңа буын мектептері ашылды.

– Telegram және Presight секілді халықаралық серіктестермен бірге заманауи зертханалар құрылды. Жасанды интеллект Қазақстанның білім беру жүйесіне кеңінен енгізіліп жатыр. Мен жақында қол қойған Жарлыққа сәйкес, ЖИ орта білімді жаңғыртудың негізгі элементіне айналмақ. Әрине, бұл жоба педагогтерді алмастыра алмайды, бірақ ұстаздардың мүмкіндігін кеңейтеді. Жарлықта дербес оқыту тетігін құру, цифрлық инфрақұрылымды нығайту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және білім беру стандарттарын жаңғырту қарастырылған. Біз пилоттық жобаны іске қостық, бұл тәжірибе кейін ел көлеміне таратылады. Аталған бастама қала мен ауыл мектептерінің білім алшақтығын қысқартып, ЖИ дәуірінде әр балаға жоғары сапалы білім беруді көздейді. Жасанды интеллект мемлекеттік басқару тиімділігінің шешуші факторына айналуда. Қазақстан жаңғыру үдерісінде көш бастау үшін алдын ала қимылдап, тиісті институционалдық ортаны қалыптастырып жатыр. ЖИ саласындағы әлемге әйгілі сарапшы, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі доктор Ли Кай Фу жақында Астанадағы Alem.ai халықаралық орталығында мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды басшыларына оқу семинарын өткізді. Семинар жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда стратегиялық тұрғыдан пайдалану, ЖИ-ге бағдарланған операциялық модельдерді, ЖИ агенттерді қолдану және Қазақстандағы ұлттық технологиялық стекті дамыту мәселелерін қамтыды. Мемлекеттік қызметшілерді ұдайы оқыту жасанды интеллектіні жедел енгізуге ықпал етіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыра түседі. Бұдан бөлек, Қазақстанда өңіріміздегі алғашқы арнаулы жасанды интеллект университеті білім алушыларды қабылдайды. Бірегей жоғары оқу орны озық зерттеулердің, инновация мен жоғары білікті маман даярлаудың орталығына айналмақ. Білім мен технологияға қаржы құйып, дарындыларды қолдай отырып, жасанды интеллект ұлттық экожүйесінің берік негізін қалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы логистика жүйесіне Smart Cargo цифрлық платформасы енгізілгенін атап өтті. Біртұтас байланыс қағидатына сай қызмет ететін бағдарлама арқылы негізгі көлік дәліздері цифрландырылады.

– Қазақстанның мұнай-газ саласын цифрлық тұрғыдан трансформациялау айтарлықтай алға жылжыды. Көміртегін өндіру мен өңдеу нысандарының цифрлық көшірмесін құруға айрықша назар аударылып отыр. Сонымен қатар шикізат өндіруден бастап сатуға дейінгі барлық жеткізу тізбегін қамтитын мұнай мен мұнай өнімдерін кешенді бақылау жүйесі енгізілуде. Жабдықтардың істен шығуын болжау, өндірістік үдерістердің сенімділігін арттыру және кәсіпорындардың жұмысын оңтайландыру үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдер қолданылады. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы жасанды интеллект саласындағы инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге арналған сенімді алаң қызметін атқарады. Орталық FinTech Lab реттеу алаңдары арқылы ағылшын құқығының артықшылықтарын және әлемдегі ең үздік деректерді қорғау жүйелерінің бірін ұсынады. Түптеп келгенде, АХҚО ашық бизнес ережелерін, сенімді құқықтық қорғауды және деректер қауіпсіздігін сақтаудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді, – деді Президент.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ынтымақтастықтың анағұрлым перспективті бағыттарына тоқталды. Президент аса маңызды материалдар саласында ашықтық пен технологиялық экожүйе қалыптастыруды басым міндет ретінде атады.

– Аса маңызды пайдалы қазбалар жаңа индустриалдық дәуірдің негізгі стратегиялық ресурсы саналады. Жаһандық өзгерістерге жауап ретінде Қазақстан жетекші әлемдік компаниялармен ынтымақтастыққа өте қолайлы жағдай жасай отырып, өзінің нормативтік-құқықтық базасы мен саланы қадағалау тетіктерін үнемі жетілдіріп келеді. Біз Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қостық. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін лицензиялауға және бақылауға қатысты 22 мемлекеттік қызметті автоматтандырды. Бұрын тек қағаз және магниттік форматтарда ғана болған 4,7 миллионнан астам архивтік геология құжаттары мен материалдары бірыңғай ұлттық цифрлық қорға көшірілді. Бұдан бөлек, біз тарихи геологиялық деректерді заманауи, машина оқи алатын форматқа түрлендіруді жеделдету үшін жасанды интеллектіні қолдана бастадық. Астанада Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын ашу бастамасы аясында халықаралық инвесторларға жоғары дәлдікпен геологиялық деректер ұсынатын бірыңғай орталық құрылады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді.

– Біз Қазақстанды Азия мен Еуропаны жалғайтын аймақтағы жетекші логистика торабына айналдыруды көздейміз. Еліміздің аумағы арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл Қазақстанның құрлықаралық тасымал тізбегіндегі ықпалы зор екенін көрсетеді. Қытай мен Еуропа арасындағы темір жолмен тасымалданатын жүк көлемінің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағымен өтеді. Мұның өзі әлемдік сауда мен өзара көлік байланысында негізгі рөл атқаратынымызды растайды. Осы позицияны одан әрі орнықтыра түсу үшін көлік инфрақұрылымына, мыңдаған шақырым жаңа теміржол салуға, сондай-ақ Орта дәліз ретінде кеңінен танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын ары қарай дамытуға қомақты инвестиция құйып жатырмыз. Соңғы он бес жылда Қазақстан көлік-логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Біз заманауи логистика сапалы инфрақұрылымды ғана емес, озық цифрлық шешімдерді де талап ететінін жақсы түсінеміз. Сол себепті бүкіл экожүйені цифрландыру шараларын қолға алдық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өткен жылдың соңынан бастап кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтер ұсыну үшін «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы енгізіліп жатқанын айтты.

– Платформа негізгі рәсімдердің бәрін бірыңғай цифрлық ортаға жинақтап, әкімшілік кедергілер мен транзит уақытын айтарлықтай қысқартады. Алғашқы кезеңнің өзінде Қытай – Өзбекстан бағыты бойынша транзиттік операциялар толық цифрландырылды, ал мемлекеттік шекарадан өту үдерістері электронды форматқа ауыстырылды. Бұл халықаралық жүк тасымалын жылдамдатып, ашықтықты қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде Еуразия кеңістігінде жұмыс істейтін халықаралық бизнес өкілдері үшін Қазақстан аумағымен жүк тасымалдау анағұрлым тиімді, үнемді әрі сенімді бола түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз ету – стратегиялық міндеттің бірі. Бүгінде жасанды интеллект пен заманауи автоматтандыру технологиялары жаңа аграрлық революцияның өзегіне айналып келеді.

– Мұның бәрі егістік өнімін айтарлықтай арттырып, суды үнемдеп пайдалануға және қоршаған ортаға келетін зиянды елеулі түрде азайтуға мүмкіндік береді. Бұл үдерістердің маңызды екенін жақсы түсінеміз. Дәлме-дәл жоспарлау және болжамды сараптама үшін цифрлық технологияларды қолдану арқылы еліміз екінші жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осы нәтижені сақтап қалу үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын толық цифрландыруға кірістік. Ұшқышсыз ұшатын аппараттарды, жерсерік навигацияларын және автоматтандырылған метеорологиялық станцияларды жедел іске қоса бастадық. Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия беру ісі цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл әкімшілік рәсімдерді едәуір қысқартады. Мал шаруашылығында да интеграцияланған цифрлық платформа іске қосылды. Соның арқасында қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартуға және деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Бүгінде 200-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны «ақылды ферма» форматында жұмыс істей бастады. Яғни шаруашылықтар озық цифрлық технологияларды пайдалану мен деректерді талдау негізінде басқарылады. Бұдан бөлек, өндірушіден тұтынушыға дейінгі жеткізу тізбегінің толық ашықтығын қамтамасыз етіп, өнім қозғалысын бақылайтын цифрлық жүйе енгізіліп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстанның түпкі мақсаты – тек ауыл шаруашылығын дамытып қоймай, елімізді агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдейтін өңірлік орталыққа айналдыру.

– Біз шикізат экспорттаумен шектеліп қалмай, ел ішінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға ұмтыламыз. Ол үшін, ең алдымен, тамақ өнеркәсібін дамытуға, озық технологияларды енгізуге және орнықты өндірістік-нарықтық тізбекті қалыптастыруға басымдық беру өзекті. Аталған салада өндірістік циклдің барлық кезеңіне инвестиция салуға мол мүмкіндік бар. Біз жасанды интеллект, роботтандыру технологияларын және Индустрия 4.0 шешімдерін тамақ өнеркәсібіне белсенді түрде енгізе бастадық. ЖИ негізінде сапаны бақылау жүйесі, құрал-жабдыққа болжамды қызмет көрсету технологиясы, автоматтандырылған өндірістік желі және жеткізу тізбегін интеллектуалды басқару өнеркәсіп тиімділігін айтарлықтай арттырады, жоғары өнім сапасы мен қатаң сақталатын халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар интеллектуалды логистика жүйелеріне, автоматтандырылған қойма кешендеріне, мұздатқыш инфрақұрылымына және заманауи қаптама технологияларына инвестиция салу агроөнеркәсіп саласындағы бір-біріне толықтай кіріктірілген, яғни өндірістік-нарықтық цифрлық тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Халықаралық инвесторларды, жетекші азық-түлік өндірушілерді, технологиялық компанияларды және ЖИ шешімдерін әзірлеушілерді осы ауқымды трансформацияға атсалысуға шақырамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамытуды тағы бір маңызды міндет деп санайды.

– Бүгінде Алатау әлемдік деңгейдегі арнаулы құқықтық режимге ие, қарқынды дамитын аумақ болып бекітілді. Дүние жүзінен инвестиция тарту және Алатауды халықаралық іскерлік орталықтардың біріне айналдыру мақсатында нормативтік база жасақталды. Шаһарды Қазақстандағы толық цифрланған алғашқы орталық ретінде жобалап жатырмыз. Мұндағы аса маңызды инфрақұрылым, мемлекеттік қызметтер мен қала экономикасы үлкен дерекқор, озық технология және заманауи басқару моделі негізінде жұмыс істейтін біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіріледі. «Digital by default» қағидатына сәйкес, мемлекеттік басқарудың барлық үдерісі әуел бастан тек цифрлық форматта жасалады. Алатау қаласы әкімшілігінің бірыңғай цифрлық платформасы арқылы тұрғындар мен инвесторлар мемлекеттік қызметтерге жүгініп, тиісті рұқсаттама құжаттарын рәсімдей алады, арнаулы құқықтық режимнің артықшылықтарын пайдаланады. Бұдан бөлек, қаладағы цифрлық активтер саласында криптовалюта биржалары мен активтерді токендеу қызметтерін реттейтін озық нормативтік-құқықтық база жұмыс істейді. Біз халықаралық инвесторларды осы бірегей юрисдикцияның артықшылықтарын жоғары технологиялық және табысты жобаларды жүзеге асыратын сенімді алаң ретінде пайдалануға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық дербестікті нығайту экономикамыздың, тіпті мемлекеттің ұзақмерзімді орнықтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше мәнге ие.

– Кеңес пен мемлекеттік органдардың тұрақты диалогы өте маңызды екенін атап өткім келеді. Тиімді шешімдер әзірлеп, қажетті реформалар жүргізу үшін барлық қатысушының тәжірибесі мен білімін, сарапшылық әлеуетін жұмылдырған жөн. Мемлекет пен бизнестің ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестігі цифрлық экономика мүмкіндіктерін толық пайдалануға және азаматтарымыздың игілігі үшін өркендеген мемлекет құруға ықпал ететін негізгі фактор болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар пленарлық отырыста Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің секторлар және тақырыптық бағыттар бойынша вице-президенті Фатима Ясмин, Citi компаниясының тұтынушылармен жұмыс жөніндегі бас басқарушысы Дэвид Ливингстон, CNPC вице-президенті Сун Даюн, Air Liquid компаниялар тобының Африка, Таяу Шығыс, Үндістан және Орталық Азия өңірлік кластерінің президенті Николя Пуаро сөз сөйледі.

 

https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-sheteldik-investorlar-kenesinin-38-shi-plenarlyk-otyrysyn-otkizdi-264022