«Супер-аула сыпырушылар»: Қарағандыда тазалықты басқарудың жаңа моделі іске қосылады

Қалада қоқыс пен қараусыз қалған аулалар мәселесін шешуге бағытталған жаңа пилоттық жоба іске қосылмақ. «Көпфункционалды аула сыпырушылар» деп аталатын бұл бастама аулаларды тек тазалау емес, оны толыққанды басқару жүйесіне көшіруді көздейді.

Жоба аясында қаладағы 30 аула таңдалып, әрқайсысына арнайы жауапты маман бекітіледі. Олар тек тазалыққа жауап беріп қана қоймай, қоқыс жәшіктерінің толуын бақылау, инфрақұрылымдағы ақауларды анықтау, тұрғындардың тәртібіне ықпал ету сияқты кең ауқымды міндеттерді атқарады.

Қала әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, қазіргі жүйеде аулалардың тек бір бөлігі ғана жүйелі тазаланады, ал қалған аумақтар назардан тыс қалып жатады.

«Біз эксперимент ретінде қаланың 30 ауласын алғымыз келеді. Әр аулаға жауапты адам бекітіледі. Олар тек тазалықпен айналысып қана қоймай, қоқыс жәшіктерінің толуын, ағаштардың қауіпті бұтақтарын бақылап, қажет жағдайда бізге хабар беріп отырады», – деді Мейрам Кожухов.

Жаңа жүйе бойынша аула сыпырушылардың мәртебесі де өзгермек. Олар тек қарапайым тазалық қызметкері емес, нақты бір аумақтың толық жауапты менеджері ретінде жұмыс істейді. Әр аула «иесі» бар тәртіпті кеңістікке айналуы тиіс.

«Аулаларға кіргенде ұялатын жағдайлар бар. Сырттай таза көрінгенімен, жерде темекі тұқылы, бөтелке, қоқыс жатады. Сондықтан біз еңбекақыны да лайықты деңгейде белгілеуді көздеп отырмыз», – деді қала басшысы.

Әкімдік бастама аясында еңбекақы мөлшерін 500 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігін де қарастырып отыр. Бұл жауапкершілігі жоғары мамандарды тартуға және жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың қатысуы. Әр аула бойынша тұрғындармен байланыс орнатылып, қоқыс шығару мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріледі. Сонымен қатар, қоқыс тастау, ортақ мүлікті бүлдіру сияқты жағдайлардың алдын алу да осы мамандардың міндетіне кіреді.

Пилоттық кезеңде 30 аулада сынақ жүргізіліп, нәтижесі сарапталмақ. Егер жоба тиімділігін көрсетсе, жүйе бүкіл қала бойынша енгізілуі мүмкін.

Бастама бюджет есебінен қаржыландырылғанымен, алдағы уақытта тұрғындардың өздері аула қызметін мақсатты төлем арқылы қолдауы қарастырылып отыр. Әкімдік бұл жүйені коммуналдық төлемдер құрамына енгізу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Қала билігі жаңа модельді аулаларды жай ғана тазалау емес, оны басқару мәдениетіне айналдырудың алғашқы қадамы деп бағалап отыр.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»