Қаламызда өндірістік түтінді азайтатын жаңа технология енгізілуде
Ақтөбелік ғалымдар әзірлеген өндірістік түтіндегі зиянды заттарды бірнеше есе азайтатын инновациялық технология Қарағандыда жүзеге асырыла бастады. Жоба аясында ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бағытталған жаңа база құрылып, қажетті жабдықтарды құрастыру жұмыстары жүргізілуде.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары әзірлеген жаңа жоба ғылым мен бизнестің тиімді байланысын көрсетті. Негізгі мақсат – өндіріс орындарынан бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту. Осы бағытта қолға алынған заманауи газ тазарту технологиясы Қарағанды қаласында құрастырылып, алдағы уақытта жақын маңдағы өңірлерге жеткізілмек. Жоба университет пен «KazEnergoMashEkologia» ЖШС арасындағы ғылыми-техникалық әріптестік негізінде жүзеге асып, сүзгілеу жүйесін жасау жұмыстары компанияның өндірістік базасында жүргізілуде.
– Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – оның импортты алмастыратын отандық технология ретінде жүзеге асырылуы, себебі бұған дейін мұндай газ тазарту жүйелері негізінен шетелден әкелінетін, ал жаңа әзірлеме қазақстандық кәсіпорындарға дәл сондай тиімді жабдықты өзіміздің ғылыми және инженерлік әлеуетке сүйене отырып пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің коммерцияландыру және стартаптар департаментінің директоры Нұрбек Дүймұханов.
Қазіргі таңда жаңа технологияны өндірісте енгізу жұмыстары Ақтөбе, Ақсу және Екібастұз қаласындағы бірқатар өнеркәсіп орнында жүргізілуде. Әсіресе, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қолданылғаннан кейін өндірістік түтіндегі шаң мен зиянды заттардың мөлшері шамамен қырық есеге дейін азайғаны анықталды. Бұл өз кезегінде кәсіпорындардың экологиялық жүктемесін төмендетіп, қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауға мүмкіндік береді. Бір жылдан астам уақыт бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар тиімді шешім ұсынып, өндірістік қалдықтарды айтарлықтай қысқартуға қол жеткізді. Сонымен қатар сүзгілеу барысында жиналған құнарлы минералдар қайта өңдеуге жіберіліп, оларды тиімді пайдалануға жол ашылды.
– Бұл жоба отандық өндірісті дамытуда маңызды рөл атқарып отыр, қазіргі таңда қажетті жабдықтарды әзірлеу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде, оны іске асыру барысында инфрақұрылымды жаңғыртуға және минералдық-шикізат кешенін дамытуға оң әсері бар екені байқалды, мамандар жүйелі түрде жұмыс істеп, ал ғалымдардың ғылыми жобасы өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп келеді, – дейді «KazEnergoMashEkologia» ЖШС директоры Юрий Мягков.
Экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай және «жасыл» технология қағидаттарын негізге алған жаңа газ тазарту жүйесі Қарағанды өңіріндегі ірі өнеркәсіптік компаниялардың қызығушылығын тудырып отыр. Бұған дейін жоба коммерцияландыру конкурсында жоғары бағаланып, соның нәтижесінде ғалымдар 350 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болған. Сонымен қатар өнеркәсіптік серіктес тарапынан 123 миллион теңгеден астам қосымша инвестиция тартылып, ғылыми әзірлемені өндірісте кеңінен енгізуге мүмкіндік жасалды.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

