Қиялдан туған аула: Терешкова көшесіндегі ашық аспан астындағы галерея

Қарағанды қаласындағы Терешкова көшесінде орналасқан қарапайым аула бүгінде нағыз өнер кеңістігіне айналған. Мұнда су перілері, гүлдер, мысықтар мен теңіз көріністері бейнеленген ерекше мозаикалық композициялар тұрғындардың ғана емес, қала қонақтарының да назарын аударып отыр.

Ауланы көркем галереяға айналдырған – жергілікті тұрғын Любовь Петрушкова. Ол плитка мен кафель сынықтарын пайдаланып, қиыршық мозаика (тренкадис) техникасында түрлі бейне жасайды. Оның жұмыстары жылдар бойы біртіндеп толыққан, ал бүгінде бүкіл қабырғалар тұтас көркем туындыға айналған.

«Теңізге жақын болғым келді, сондықтан теңізді, тауды, ағашты, үйді және аралдағы су перісін жасап шықтым. Егер теңіз бізге келмесе, біз теңізді өзіміз жасаймыз», – дейді Любовь Петрушкова, қала тұрғыны.

Ол бұл іске зейнетке шыққаннан кейін ден қойған. Бұған дейін құрылыс саласында еңбек еткен шебер бос уақытын шығармашылыққа арнап, интернет арқылы мозаика техникасын үйренген.

«Зейнетке шыққан соң үйде отыра бергім келмеді. Адамға қозғалыс, іс керек. Бұрын құрылыс саласында жұмыс істедім, сол тәжірибе көп көмектесті. Кейін өзім үйреніп, дамыта бастадым», – дейді Любовь Петрушкова, қала тұрғыны.

Шебер жұмыстың сапасына ерекше мән береді. Ол қабырға дайындаудан бастап, әрбір ұсақ бөлшекті мұқият орналастыруға дейін толық технологияны сақтайды.

«Жұмыс мықты болуы керек. Ертең құлап қалмайтындай етіп жасау қажет. Бұрын да сапалы жұмыс істеуге үйренгенмін, сондықтан қазір де соған мән беремін», – дейді Любовь Петрушкова, қала тұрғыны.

Уақыт өте келе оның ауласы нағыз ашық аспан астындағы өнер галереясына айналды. Мұнда теңіз мотивтері, гүл өрнектері, мысық бейнелері мен ертегідей су перілері қатар өмір сүріп тұр. Әсіресе қара мысық бейнесі ерекше танымал – ол автордың сүйікті туындыларының біріне айналған.

Көршілерінің айтуынша, бұл аула тек көркем орын ғана емес, сонымен бірге адамдарды жақындастыратын, шабыт сыйлайтын ортаға айналған. Көпшілік мұнда арнайы келіп, суретке түсіп, ерекше атмосфераны сезінеді.

«Көбі келіп, жақсы пікір айтып жатады. Осындай жылы сөздер адамға шабыт береді, жаңа дүниелер жасауға ынталандырады», – дейді қала тұрғыны Любовь Петрушкова.

Терешкова көшесіндегі бұл аула бүгінде қарапайым тұрғын үй кеңістігінен асып, қалалық мәдениеттің бір бөлігіне айналған ерекше шығармашылық алаң ретінде бағалануда.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»