Бағаға бақылау күшейді
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуіне қатысты қатаң пікір білдірді. Оның айтуынша, ірі базарларда көкөніс, жеміс-жидек пен ет құнын қолдан қымбаттататын делдалдардың «ұйымдасқан топтары» әрекет етеді. Үкімет басшысы бұл салада тәртіп орнатуды және көтерме-тарату жүйесіне бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ бұл жұмысқа Ішкі істер министрлігін, салық органдарын және монополияға қарсы қызметті тартуды міндеттеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына тұрақты мониторинг жүргізіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Осы тұрғыда Қарағанды облысында ішкі сауда саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) белгіленген шекті сауда үстемелерін сақтау басты назарда.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтар нәтижесінде 36 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,4 миллион теңге айыппұл салынды. Негізгі бұзушылықтар қатарында шекті сауда үстемесінің асып кетуі, бір тауарға әртүрлі баға белгілеу және баға көрсеткіштерінің болмауы бар.
Өңірде делдалдық баға қалыптастыру тізбегін тексеретін арнайы комиссия да жұмыс істеп келеді. Оның мақсаты – негізсіз баға өсіміне жол беретін тиімсіз делдалдарды анықтау. Есепті кезеңде комиссия 35 материалды қарап, әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылдады. Жалпы, ӘМАТ бағасының қалыптасуы өндірушіден бастап түпкі тұтынушыға дейінгі барлық кезеңде бақылауда.
Сонымен қатар бөлшек сауда өкілдерімен заң талаптарын сақтау бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Сауда саласында құқықтары бұзылған азаматтар Қарағанды қаласы, Гоголь көшесі, 34, 4-қабат мекенжайында орналасқан Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Сондай-ақ, 8 (7212) 21-42-08 нөмірі бойынша «жедел желі» арқылы кеңес алуға мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, eGov.kz порталы арқылы «Е-Өтініш» сервисін пайдаланып, өтінішті онлайн жолдауға болады. Өтінішке құқықбұзушылықты растайтын фото және бейнематериалдар, тауар бағасы, сауда нысанының атауы мен мекенжайы, сондай-ақ сатып алу чегі қоса тіркелуі тиіс.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.
Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті ақпараты бойынша

