Экологиялық акциялар бастау алды

«Уылдырық шашу–2026» және «Таза су айдындары» экологиялық акциялары іске қосылды. Аталған бастамалар аясында су айдындарын қорғау, балық қорын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған бірқатар шара қолға алынды.

Экологиялық акция 15 сәуірден 30 мамырға дейінгі аралықта өткізіліп, осы кезеңде табиғи су айдындарын қорғауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, торта, табан, алабұға, мөңке және шортан сияқты балық түрлерін аулауға тыйым салынады. Сондай-ақ, барлық су айдынында кез келген балық аулау құралдарын қолдануға шектеу енгізіліп, уылдырық шашу аймақтарында қозғалтқышы бар қайықтар мен өзге де жүзу құралдарын пайдалануға рұқсат етілмейді.

– Бұл акцияның негізгі мақсаты – балық шаруашылығы су айдындарын қараусыз қалған балық аулау торларынан тазарту, жағалау аймақтарын ретке келтіріп жинау, сондай-ақ балық ресурстарын сақтау мен көбейтуге жағдай жасау, сонымен бірге балықтардың уылдырық шашуына қолайлы табиғи орта қалыптастыру, – деді Қарағанды облысы бойынша балық инспекциясы бөлім басшысы Ерік Әбішев.

Жыл басынан бері Инспекция тарапынан жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде 28 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Осы фактілер бойынша жалпы сомасы 605 мың теңгеден астам айыппұл салынған, оның ішінде 540 мың теңгеге жуығы өндіріліп, бюджетке қайтарылды.

– Су ресурстарының маңызын ескере отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет, соның ішінде браконьерлік фактілерін анықтау және оған қарсы шараларды күшейтіп, бақылауды қатаңдату маңызды, сондай-ақ барлық атқарылатын шара қолданыстағы заң талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылуы тиіс, – дейді жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел топтың басшысы Нұрлан Байжұманов.

Шара барысында мамандар азаматтарды қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға белсенді түрде атсалысуға шақырып, табиғатты сақтау әрбір адамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»