Өңірімізде өрттің қауіпті кезеңі басталды

Облысымызда өрт қауіпті кезеңге дайындық күшейтілді. Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында арнайы өңірлік жоспар бекітіліп, оны жүзеге асыру бағытындағы кешенді шаралар қолға алынды.

Өңірде табиғи өрт қаупін азайтуға бағытталған алдын алу шаралары күшейтілген режимде жүргізілуде, осы мақсатта 320 адамды қамтитын 70 мобильді топ құрылып, олар жергілікті аумақтарда тұрақты бақылау жұмыстарын атқаруда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызметінің брифингінде айтылды. Сондай-ақ 2026 жылғы жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдар 18 жаңа өрт сөндіру бекетін құруды және 14 бекетті жаңғыртуды көздеп отыр, нәтижесінде жалпы саны 39 мыңнан астам тұрғыны бар 84 елді мекеннің өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін болады.

– Өрт қаупі жоғары аймақтарда механикаландырылған жасақтардың (дозорлардың) кезекшілігі тұрақты түрде ұйымдастырылып, қауіпсіздікті бақылау күшейтілген режимде жүргізілуде, сонымен қатар күн сайын ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ерте анықтау жүйелері арқылы орман шаруашылығы мекемелеріне мониторинг жасалып, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында бейнебақылау камераларын іске қосу жұмыстары да қатар атқарылуда, – деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Елдос Зияда.

Төтенше жағдайлар департаментінің базасында бүкіл өрт қаупі жоғары кезеңге тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, қауіпсіздік шаралары үздіксіз бақылауда ұсталып отыр. Сонымен қатар ТЖД бөлімшелері жоқ елді мекендерді қорғау мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 13 өрт сөндіру бекеті ашылған. Мамандар әр азаматтың өз үйіндегі электр сымдары мен тұрмыстық техниканың жарамдылығын тұрақты түрде тексеріп отыруының маңызын атап өтеді. Ал өрт жағдайы анықталған сәтте бірден «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарлау секілді қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережені ұмытпау керектігін Елдос Зияда ерекше ескертеді. Мамандардың айтуынша, құрғақ шөп, сабан және қоқысты жағуға, сондай-ақ желді ауа райында от тұтатуға қатаң тыйым салынады, өйткені мұндай әрекеттер өрттің тез таралуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, сөндірілмеген темекі қалдықтары мен ыстық күлді бей-берекет тастау да үлкен қауіп тудырады. Сала жетекшілері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу жағдайында әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, ал кейбір жағдайда тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін баруы мүмкін екенін ескертеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»