Самокаттар қайда кетті?
Қарағанды көшелерінде биыл көктем ерекше басталды. Соңғы жылдары қала өмірінің бір бөлігіне айналған электрлі самокаттар бұл жолы көзге түспейді. Тұрғындар үшін бұл өзгеріс бір жағынан күтпеген жағдай болса, енді бірі үшін қолайлы жаңалыққа айналған.
2023 жылдан бері қала көшелерінде кең таралған кикшеринг қызметі биыл әзірге іске қосылмаған. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер бұрынғыдай самокаттардан жалтарып, қауіптенбей, еркін қозғала бастады.
«Самокатпен жүретіндердің азайып кеткенін байқадым. Бұған қуаныштымын, өйткені олар кедергі келтіріп, кейде адамдарды қағып кететін жағдайлар болды. Қазір олардың жоқтығы ыңғайлырақ сияқты», – дейді қала тұрғыны.
Тағы бір тұрғын да осы пікірді қолдайды.
«Әрине, олардың жоқтығын байқадым. Өйткені олар жиі кедергі келтіретін. Кейде қауіпті жағдайлар да болатын», – дейді қала тұрғыны.
Ресми статистика жүргізілмегенімен, елімізде электросамокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жиілегені қоғамда алаңдаушылық туғызды. Тіпті экологтар да бұл көлік түрін пайдалану мәдениетіне қатысты сын айтып отыр.
«Ашығын айтқанда, олардың жоқ болғанына қуаныштымын. Себебі самокаттарды тротуарларда қалай болса солай қалдырып кетеді, бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтіреді», – дейді эколог Дмитрий Калмыков.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті бұл мәселеге қатысты нақты түсініктеме бермегенімен, елордадағы әріптестері жаңа талаптар енгізілетінін мәлімдеді.
«1 шілдеден бастап самокаттарды жалға беретін операторлар міндетті түрде тіркеуден өтіп, әр құрылғыға нөмір беріледі. Сонымен қатар олардың техникалық жағдайы мен пайдаланылуы қатаң бақылауға алынады», – Астана қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы дейді Махамбет Төлешов.
Сондай-ақ жаңа ережелерге сәйкес, самокаттарды пайдалану үшін жүргізуші куәлігі талап етіліп, пайдаланушылардың жасы 18-ден асуы тиіс. Бұл талаптар қызметті пайдаланушылар санын азайтуы мүмкін.
«Тротуарларда қозғалу мәселесі де қарастырылып жатыр. Егер тыйым салынса, олар жолдың жүріс бөлігіне шығады, бұл қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін», – дейді Махамбет Төлешов.
Мамандардың айтуынша, мәселенің тиімді шешімі – арнайы веложолдарды дамыту. Алайда мұндай инфрақұрылымды қалыптастыру қомақты қаражат пен уақытты қажет етеді.
Қалай болғанда да, самокаттардың Қарағанды көшелеріне қайта оралуы уақыт еншісінде. Ал әзірге қала тұрғындары тыныш әрі қауіпсіз жаяу жүргіншілер кеңістігінің игілігін көріп отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

