Қоғамдық бақылау – нақты нәтижеге бастар жол

Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесі өңір тұрғындарын толғандырған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылап, олардың шешілуіне қоғамдық бақылау жүргізуді жалғастыруда. Жыл басынан бері кеңестің жеті отырысы мен төрт көшпелі жиыны өткізіліп, аймақ үшін маңызды 12 мәселе қаралды. Күн тәртібінде жылу көздерінің жай-күйі, газдандыру, коммуналдық тарифтер, жол инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, білім беру және экологиялық ахуал секілді өзекті тақырыптар бар.

Қоғамдық кеңестің жұмысы тек мәселелерді талқылаумен шектелмейді. Маңызды міндеттердің бірі – мемлекеттік органдардың қабылдаған шешімдерінің орындалуын бақылау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына назар аудару және тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайту. Бұл туралы өңірлік Қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов арнайы брифингте баяндады.

Өңір үшін маңызды бағыттардың бірі – жылу маусымына дайындық. Кеңес отырыстарында жылу көздері мен желілерінің жағдайы, газдандыру жұмыстары және коммуналдық тарифтер мәселесі талқыланды. Инфрақұрылымның жай-күйімен қатар, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бағасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау да назардан тыс қалған жоқ. Өйткені тұрғындар үшін коммуналдық қызметтің қолжетімді болуы ғана емес, оның сапалы әрі тұрақты көрсетілуі де маңызды.

– Қоғамдық кеңестің негізгі міндеті – өңір тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді ашық талқылап, олардың шешілуіне ықпал ету. Біз мемлекеттік органдардың жұмысын қоғамдық бақылау арқылы ұсыныстардың орындалуына, қабылданған шешімдердің нәтижелі болуына назар аударамыз. Әрбір мәселе халықтың тұрмыс сапасына әсер ететінін ескеруіміз керек. Сондықтан тұрғындардың пікірі ескеріліп, көтерілген түйткілдер бойынша нақты жұмыстар жүргізілгені маңызды, – деді Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серікжан Байбосынов.

Кеңес назарындағы тағы бір маңызды мәселе – қоршаған ортаны қорғау. Өнеркәсіптік өңір үшін тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жағдайы, жасыл желектерді сақтау, атмосфераға шығарылатын зиянды заттарды азайту және «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы айрықша мәнге ие. Бұл бағыттағы мәселелерді шешуде мемлекеттік органдармен қатар, қоғам өкілдерінің де белсенділігі қажет.

Денсаулық сақтау саласында гемодиализ қызметінің сапасы, ағза трансплантациясы, шалғай елді мекендердегі медициналық көмектің қолжетімділігі және дәрігер тапшылығы қарастырылуда. Ал білім беру бағытында ауылдық жерлердегі педагог жетіспеушілігі мен мұғалімдерді қолдау шараларына көңіл бөлінеді. Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері аяқталмаған құрылыс нысандарын пайдалануға беру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау да кеңес жұмысының басым бағыттарының қатарында.

Қоғамдық кеңес жұмысының нәтижелілігі көтерілген мәселелердің санына ғана емес, олардың шешілу барысына да байланысты. Сондықтан кеңес мүшелері мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастырып, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін назарда ұстауға басымдық береді.

Ашық диалог, қоғамдық бақылау және жауапкершілік – өңірдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды тетіктер. Қоғамдық кеңестің алдағы жұмысы да халықты толғандырған мәселелерді талқылауға, мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталмақ.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»