Туған жерге тарту

Республика күні қарсаңында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қалалық экопаркте 50 қарағай көшеті отырғызылды. Игі бастама Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Экологиялық акцияның басты мақсаты – қаланың жасыл желегін көбейту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Шараға мәдениет және тілдерді дамыту саласының қызметкерлері, мәдениет үйлері мен қалалық кітапханалардың ұжымдары, сондай-ақ «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының мамандары қатысты.

– Туған өлкеміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған осындай бастамалар еліміздің көркеюіне зор үлес қосады деп сенеміз, – дейді «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Эльмира Орынбаева.

Бүгін отырғызылған 50 қарағай қаланың жасыл желегін толықтырып, болашақ ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастыруға үлес қосады. Табиғатты аялауға үндейтін мұндай игі бастамалар тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»